Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандыру және өндірістің өнімділігін арттырудың негізгі тәсілдері талқыланды. Жиында салалық министрліктер мен ірі компания өкілдері технологиялық жаңғырту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілді
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы экономиканың өсімін өнімділікті арттыру және технологиялық жаңару есебінен қамтамасыз ету міндетін қойғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы біздің алдымызға өнімділікті арттыру және технологиялық жаңару есебінен өсімді қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұл экономикалық саясатты түпкі нәтижеге, яғни халықтың табысын ұлғайту және экономикалық дербестікті нығайтуға қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Дәл осы тұста өңдеу саласын әртараптандыру және оны белсенді дамыту маңызды рөл атқарады», — деді Премьер-министр.
Биыл өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,4%-ға артқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.
Жаңа кластерлер мен жоғары өңделген өнімдер қажет
Үкімет басшысы өндірістік қуаттарды арттырып, шикізаттық емес секторда терең өңдеуді дамыту қажет екенін атап өтті.
Жауапты мемлекеттік органдарға экспортқа бағдарланған, жоғары қосылған құны бар инвестициялық жобаларды іске асыру тапсырылды. Әр жоба экономиканың мультипликативті әсері тұрғысынан кешенді түрде қарастырылуы тиіс.
Инвестициялық жобалардың ұлттық пулын қалыптастыру тапсырылды
Kazakh Invest компаниясына мемлекеттік органдармен және даму институттарымен бірге 1 сәуірге дейін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жобалардың өзекті пулын қалыптастыру міндеті жүктелді. Бұл жобаларды қолдау бойынша жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Мұнай-химия және құрылыс материалдары саласына ерекше назар
Премьер-министр мұнай-газ химиясы өнімдерін өңдеу деңгейі әлі де төмен екенін атап өтті. Энергетика және Өнеркәсіп министрліктеріне ішкі нарыққа полимер шикізатын тұрақты жеткізу шарттарын қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ құрылыс саласында импорттық материалдардың үлесін азайтып, отандық өнімдерді қолдануды бақылау күшейтіледі.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу күшейтіледі
Отырыс барысында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортында шикізат үлесі әлі де жоғары екені айтылды. Осыған байланысты жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын жобаларды қолдау кеңейтіледі.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды.