Алматыда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің қаладағы шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу мазмұнды, ашық әрі әсерлі форматта өрбіді - қатысушылар құқықтық нормалармен қатар ел болашағын айқындайтын құндылықтар жайында да пікір алмасты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Коалиция делегациясын Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап келді. Талқылауға Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрайымы Жұлдызай Искакова, медиаменеджерлер, актерлер, продюсерлер және қазақстандық танымал кинорежиссер Талғат Теменов қатысты.
Ел болашағы туралы ашық әңгіме
Кездесудің негізгі тақырыбы Жаңа Конституция жобасын және алдағы референдумды түсіндіру болды. Еркін форматтағы әңгімеде мәдениет өкілдері сұрақ қойып, өз көзқарастарын білдіріп, жаңа қоғамдық келісімнің қандай болуы керектігі жөнінде ой бөлісті.
Талғат Теменовтің сөзі жиынға ерекше әсер берді. Режиссер өзін саясаткер немесе заңгер ретінде емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат ретінде танытты.
«Мен заңгер де, саясаткер де емеспін, ешбір партияға мүше емеспін. Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Мен отставкадағы полковникпін, бірақ отставкадағы азамат емеспін». Сол сияқты мен де - өз елімнің азаматы ретінде - пікірімді білдіргім келеді. Қазақстан тарихында Конституция алғаш рет қазақ тілінде жазылып отыр - бұл мені шын жүректен қуантады. Екіншіден - бір палаталы парламент, Құрылтайдың құрылуы. Үшіншіден - президент өкілеттігін бір мерзіммен шектеу. Негізгі заңның әрбір нормасы - біздің болашағымыз, үмітіміз бен арманымыз», - деді режиссер.
Бейбітшілік - басты құндылық
Өз сөзінде Теменов жаһандық ахуалға да тоқталды. Оның айтуынша, әлемнің әр түкпірінде қақтығыстар күшейіп тұрған кезеңде бейбітшілік пен келісім ерекше маңызға ие.
Ол азаматтардың маңызды шешімдер қабылдауға қатысуы формалдылық емес, қоғамның кемелденуінің белгісі екенін атап өтті. Бұл - келер ұрпақтың тағдырына әсер ететін таңдау.
«15 наурызда жалпыұлттық референдум өтеді. Халық бұл жобаны қолдай ма, жоқ па - шешім қабылдайды. Жеке өзім қазіргі әлемде рухани дағдарыс тереңдеп, күш пен ақшаның үстемдігі жиілеп бара жатқан тұста басты құндылық адамға деген құрмет пен сүйіспеншілік болуы тиіс деп санаймын. Біздің күшіміз - осында. «Бірігіп біртұтас болсақ», осы Негізгі заңды қабылдау үлкен қадам болар еді. Болашақ ұрпақ үшін референдумға қатысып, бірлігімізді көрсету маңызды. Бейбітшілік пен келісім өз қолымызда екенін ұмытпайық», - деп түйіндеді Талғат Теменов.
Саналы таңдау - қоғамның негізі
Кездесу соңында қатысушылар алдағы референдумда әр азаматтың саналы таңдауы мен жеке жауапкершілігі шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Спикерлердің пікірінше, конституциялық нормалар қағаз жүзінде қалмай, нақты өмірде жүзеге асқанда ғана қоғам мен мемлекет арасындағы сенім нығаяды.
Алматыдағы бұл кездесу Конституцияны талқылау саяси күн тәртібінен шығып, қоғамның құндылықтары, бірегейлігі мен болашағы туралы кең қоғамдық әңгімеге айналып келе жатқанын көрсетті. Осындай ашық пікір алаңдары мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттырып, әр азаматтың үні маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.