2026 жылдың 15 наурызы – жай ғана күн емес. Бұл – ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатын сәт.
Конституциялық реформалардың шешуші кезеңі саналатын республикалық референдум қарсаңында қоғамның әр саласындағы танымал тұлғалар өз пікірлерін ашық айтып, қазақстандықтарды белсенді болуға шақырып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өнер мен спорт өкілдерінің үн қосуы – жай кездейсоқтық емес. Себебі сахнада да, татамиде де, шығармашылықта да табысқа жетудің басты шарты – жауапкершілік. Ал референдум – дәл осы жауапкершілікті талап ететін кезең.
Өнер – рухтың тірегі
Белгілі эстрада жұлдызы Ұлықпан Жолдасов әлеуметтік желідегі жазбасында Конституциялық реформа тек құқықтық жүйені жаңартумен шектелмей, мәдениет пен өнердің еркін дамуына да жол ашатынын айтты.
«Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи шығармашылықпен ұштастыру – ортақ міндетіміз», дейді әнші.
Актер Ерболат Төлеген 15 наурыздағы референдумды өскелең ұрпақ үшін маңызды тарихи сәт деп бағалады. Оның айтуынша, заман өзгерген сайын заң да жаңарып отыруы тиіс.
Театр және кино актері Еркебұлан Дайыров та өз ұстанымын ашық білдірді:
«Мен өз таңдауымды жасаймын. Мен барамын!» – деп қысқа да нұсқа жазды ол.
Жазушы Бейбіт Сарыбай референдумды жай ғана дауыс беру күні емес, елдің құқықтық негізін айқындайтын маңызды саяси акт деп сипаттады. Оның сөзінше, әр дауыс – болашаққа қосылған үлес.
«Біздің таңдауымыз – елдің құқықтық негізіне, азаматтық қоғам мен демократияға деген сеніміміздің көрінісі», – дейді жазушы.
Спорттағы тәртіп – елдегі тұрақтылықтың үлгісі
Олимпиаданың қола жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев спорттағы табыс темірдей тәртіп пен ережеге құрметтен басталатынын еске салды.
«Әрбір белдесу – команданың нәтижесі. Ел ішіндегі жетістіктер де ортақ тәртіптен басталады. Алдағы референдум – әділ қағидаларды бекіту мүмкіндігі», – дейді спортшы.
Әлемдік жарыстарда ел намысын қорғап жүрген Әбиба Әбужақынова өмірді татамидегі күреспен салыстырды. Оның айтуынша, жеңіс кездейсоқ келмейді – ол сансыз жаттығу мен жауапкершіліктің жемісі.
«Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер жастардың құқығын қорғауға бағытталған. Мен референдумға қатысамын», – деді ол.
Шахматшы, әлемдік деңгейдегі гроссмейстер Бибісара Асаубаева да еліміздің тұрақтылығы мен даму бағытын қолдайтынын жеткізді.
Неге бұл маңызды?
Конституция – мемлекеттің басты құжаты. Ол қоғамдағы тәртіптің, әділдіктің, азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің негізін айқындайды.
Бүгінгі таңда әлем қарқынды өзгеруде. Геосаяси ахуал, технологиялық даму, жаңа буынның сұранысы – бәрі де мемлекеттен жаңашылдық пен икемділікті талап етеді. Сондықтан заңнаманың заманға сай жетілдірілуі – уақыт талабы.
Өнерпаздар рухани жауапкершілікті, спортшылар тәртіп пен әділдікті алға тартады. Бұл – бір ғана идеяның төңірегіне тоғысқан ортақ ұстаным: елдің болашағы – әр азаматтың қолында.
15 наурызда өтетін республикалық референдум – осы жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бір дауыс – бір таңдау. Ал әр таңдау – ортақ келешекке жасалған қадам.