Алғыс айту күні – ел бірлігі мен татулығын айшықтайтын тағылымды мереке. Ақпанның қытымыр аязын артқа тастаған шуақты көктемнің алғашқы күні қазақ халқының дархан пейіліндей жылы, ақ ниетіндей мөлдір сезіледі. Бүгінде Алғыс айту күні - тағдыр тоғыстырған түрлі этнос өкілдерінің ортақ шаңырақ астындағы татулығын дәріптейтін айрықша күн. Бұл құндылықтар қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын қамтамасыз етіп отырған Ұлттық ұлан қызметімен де үндес.
Ұлттық ұлан сарбаздары ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бір мақсатқа жұмылып, ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтауға қызмет етеді. 6636 әскери бөлімінің жеке құрамасы да бұл мерекені мазмұнды шаралармен атап өтуде. Әскери орта – бір мақсатқа жұмылған нағыз бірліктің мектебі. Мұнда әр сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруды бас-
ты міндет санайды. Тәуелсіз елдің қасиетті борышын өтеу түрлі этнос өкілдерінің жастарына да бұйырды.
Солардың бірі – қатардағы жауынгер Мамед Исаев. Ол 2003 жылдың 25 шілдесінде Түркістан облысы, Төле би ауданына қарасты Қайнар ауылында дүниеге келген. Қысқы шақырылым кезінде сапқа қосылған жас сарбаз бүгінде әскери тәртіп пен жауапкершілікті серік етіп келеді.
Қайнар ауылындағы жалпы орта мектепті тәмамдаған Мамед жастайынан білімге құштар болып өсті. Ана тілін туғанынан еркін меңгерген, ойын анық әрі сауатты жеткізе алады. Сонымен қатар қазақ, түрік, өзбек және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Көптілді ортада тәрбиеленуі оның дүниетанымын кеңейтіп, түрлі мәдениетке құрметпен қарауына негіз қалады. Әсіресе мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше. Қазақ тілін жетік білуі - оның елге деген ықыласының айқын көрінісі. Бұл қасиеті қатардағы Мамед Мейтиоглыға әскери ортада да тез бейімделуіне ықпал етті.
Мамед берекесі жарасқан, ынтымағы ұйысқан шаңырақта тәрбиеленіп өсті. Әкесі - Мейти Исаев, анасы - Зульфира Исаева. Отбасында төрт ағайынды. Ағасы, қарындасы және інісі бар.
1980 жылдары олардың ата-бабалары тарихи себептермен қазақ жеріне қоныс аударып, осы елді өз Отанына айналдырған. Қазақ халқының кеңпейілдігі мен дархандығының арқасында жаңа ортаға тез бейімделіп, тамыр жайған әулет бүгінде Қазақстанды өздерінің бірден-бір Отаны деп біледі. Исаевтар отбасы тәрбиесінде ұлтқа бөлінбеу-
ді, өзара құрмет пен сыйластықты бойына сіңіріп өскен. Үйдегі үлкенге ізет, кішіге қамқор болу қағидаты оның мінез-құлқынан айқын байқалады.
Бос уақытында кітап оқуды жанына серік ететін сарбаз рухани дамуға ерекше мән береді. Тарихи шығармалар мен тұлғатану бағытындағы әдебиеттерді қызыға оқиды. Оның пайымынша, кітап – адамның ой-өрісін кеңейтетін, дүниетанымын байытатын сенімді құрал. Мамед Әскери қызметпен қатар өзін-өзі жетілдіруді басты мақсаттарының бірі санайды.
Әскери ортада Мамед тәртіпке беріктігімен, тапсырманы тиянақты орындауымен ерекшеленіп келеді. Қатарластары арасында сыйлы. Бірлік пен өзара қолдау – оның басты ұстанымы.
– Мен үшін Қазақстан – тек туған жер емес, жүрегімнің мекені. Қазақ халқына деген құрметімді, ықыласымды бірер ауыз сөзбен жеткізу қиын. Себебі ес білгелі қазақы ортада өсіп, сол халықтың дархан мінезін, кеңпейілді болмысын көріп ержеттім. Ауылда бірге ойнап, бірге білім алған достарымның көпшілігі қазақ балалары болды. Біз ешқашан ұлтқа бөлінген емеспіз, тай-құлындай тебісіп, бір нанды бөліп жеп өстік.
Әскерге келген кезде де дәл сондай ортаға тап болдым. Мұнда да әр өңірден, әртүрлі этнос өкілдерінен құралған сарбаздар бір сапта тұр. Бірақ біздің арамызда ешқандай алшақтық жоқ. Керісінше, ортақ мақсат – Отанға адал қызмет ету бізді бұрынғыдан да жақындата түсті. Әскери өмір – төзімділік пен тәртіптің шын мектебі. Мұнда әркім өз міндетін жауапкершілік пен атқаруға тиіс. Біз бір жұдырықтай жұмылып, сын сәттерде бір-бірімізге сүйенеміз.
Мен көпұлтты Қазақстанның перзенті болғанымды мақтан тұтамын. Ата-бабамызға құтты қоныс болған осы кең байтақ далада түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату өмір сүріп жатыр. Бізге көрсеткен сый-құрмет пен қамқорлықты адал қызметімізбен ақтау – басты міндетім деп білемін, - деп ағынан жарылды қатардағы Мамед Мейтиоглы.
Алғыс айту күні – бейбіт өмір мен берекелі бірліктің қадірін ұғындыратын мереке. Осындай рухани құндылықтарды жүрекпен сезініп, сапта нық тұрған жас сарбаздар – ел ертеңінің берік тірегі.
Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан елдің іргесі де мығым болары сөзсіз. Алғыс айту күнінің құндылығы - дәл осы татулық пен өзара құрметте. Бір-бірімізге деген алғысымыз бен ақ тілегіміз ешқашан сарқылмасын. Бірлік пен татулықтың туы әрдайым биік болғай.
Жанерке Мұратқызы