968
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Әскери бөлімдегі тыныштық пен тәртіп – көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбектің нәтижесі. Сол жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – 5573 әскери бөліміндегі ішкі қарауыл қызметінің бастығы аға сер­жант Абдумәлік Мұратов.

Аға сержант Абдумәлік Мұратов үшін әскери қызмет – жай ғана таңдау емес, бұл – әулеттен жалғасқан аманат. Атасы Мергенбай Мұратов Ұлы Отан соғысында Сталинградты қорғауға қатысып, елге аман оралған ардагер болса, әкесі Абдуқалық Мұратов  Кеңес Одағы кезінде Моңғолия елінде әскери борышын өтеген. Осындай ерлік пен тәртіптің үлгісін көріп өскен ол да Отан алдындағы борышын өтеуді азаматтық парызым деп білді. Келісімшарт негізінде әскери қызметке келіп, әскери тәртіп пен сержанттық құрамның жинақылығы оның жүрегіне жақын болды.

Абдумәлік Мұратов бөлім қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде үлкен жауапкершілік жүгін арқалап келеді. Қарауыл бастығы болу – бүкіл әскери бөлімнің тыныштығына жауап беру деген сөз. Бұл қызметте қырағылық, батылдық және шұғыл шешім қабылдай білу қабілеті аса маңызды. Қиын сәттерде уақытты жоғалтпай, нақты әрі дұрыс әрекет ету – оның күнделікті жауапкершілігі.

Ішкі қарауыл қызметі – әскери бөлімнің қауіпсіздік тірегі. Нысандарды тәулік бойы күзету, бөлімнің ішкі тәртібін сақтау – қарауылдың басты міндеті. Мұнда ұсақ қателікке жол жоқ. Әсіресе қару-жарақ пен оқ-дәрі сақталатын аумақта қызмет ету сарбаздан жоғары жауапкершілік талап етеді.

Аға сержант Абдумәлік Мұратов қарауыл құрамын іріктеуде сарбаздардың психологиялық жағдайына, денсаулығына және моральдық дайындығына ерекше көңіл бөледі. Жас сарбаздар психолог мамандармен бірлесе тексеріліп, олардың отбасылық жағдайы мен әскерге дейінгі өмір жолы зерделенеді. Ең бастысы – қарауыл қызметіне сарбаздың өз еркімен келуі. Себебі бұл қызмет үлкен сенім мен төзімділікті қажет етеді.

Төтенше жағдай туындаған кезде қарауыл белгіленген жауынгерлік алгоритм бойынша әрекет етеді. Бұл тәртіп қатаң сақталады және әскери құпия саналады. Дегенмен бір нәрсе анық – әрбір қарауылшы өз міндетін жетік біледі және бөлім қауіпсіздігі үшін бар күшін салады.

Қарауыл қызметі сарбазды шыңдайды. Ол тәртіпке баулиды, жауапкершілікті арттырады, батылдық пен сабырды қалыптастырады. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген жауынгер ғана нағыз әскери маман бола алады.

Сондықтан 5573 әскери бөліміндегі қарауыл қызметінің бастығы аға сержант Абдумәлік Мұратов – тек лауазым иесі ғана емес, сенім жүгін арқалаған, бөлім тыныштығын көздің қарашығындай қорғайтын қырағы басшы.

Лейтенант Әйгерім Балтабаева

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -