Ақмола облысында жер рәсімдеу кезінде кәсіпкердің құқықтары қорғалды

836
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: freepik.com

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жер учаскесін ресімдеу кезінде негізсіз бас тартуға тап болған кәсіпкердің құқықтарын қалпына келтірді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кәсіпкер Бурабай кентінде тыйым салынған мүлікті сату бойынша электрондық аукцион арқылы құны 25 миллион теңге болатын, қонақ үй құрылысына арналған жер учаскесін сатып алған.

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту

Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын әзірлеу кезінде Мемлекеттік корпорацияның Бурабай ауданы бойынша тіркеу және жер кадастры бөлімі қызмет көрсетуден бас тартқан.

Бас тарту себептері ретінде:

  • мемлекеттік ақпараттық жүйеде жер учаскесі туралы мәліметтерді қалпына келтіру қажеттігі
  • жер учаскесін таңдау актісінің болмауы

көрсетілген.

Алайда кәсіпкер бұл шешіммен келіспей, уәкілетті органға шағым түсірген.

Қағидаларда мұндай талап көзделмеген

Департамент тексеру барысында «Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларында жер учаскесін таңдау актісі талап етілмейтіні анықталды.

Сонымен қатар, қызмет беруші әкімшілік рәсім талаптарын сақтамаған. Атап айтқанда, ауыртпалық тудыратын шешім қабылдар алдында өтініш иесіне алдын ала хабарлама жіберілмеген.

Заң талаптары бұзылған

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 14-бабына сәйкес, мемлекеттік орган азаматқа заңда көзделмеген міндеттер жүктеуге құқылы емес.

Мемлекеттік ақпараттық жүйедегі мәліметтерді қалпына келтіру тіркеу бөлімінің өз құзыретіне жатады және бұл міндет кәсіпкерге жүктелмеуі тиіс.

Құқық қалпына келтірілді

Департамент бас тартуды негізсіз деп танып, тіркеу бөліміне кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы шешім енгізді.

Нәтижесінде жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты берілді.

Енді кәсіпкер аталған жер телімін нысаналы мақсаты бойынша — қонақ үй құрылысы үшін пайдалана алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -