Алғысым шексіз алғаусыз елге

1034
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Осыдан жиырма екі жыл бұрын менің отбасым Қазақстанға  Шешенстандағы  азаматтық  соғыстан  бас сауғалап  келген еді.

Әрине, туған  елін тастап  кету менің  ата-анам  үшін  оңайға соқпады.

Ішкі  қақтығыстардан  күйісі кетіп, берекесі қашқан олардың тығырықтан шығар басқа жолы болмаса керек-ті.  Неге екенін  білмедім,  ел  шығысындағы  Семей  қаласына қоныс аударыпты. Тарғыл   тағдыр тауқыметі  тар жол,  тайғақ кештіргенімен тамырын тереңге жайған таңсық өлкеде тыныстары тарылмапты.  Шаруада  шашау шығармайтын  әкешім қиюын қиыстырып  бір  істі  дөңгелетіп әкетсе керек. Әйтеуір, мен көйлегі көк,  қарыны тоқ  отбасыда өмірге келдім. Семей жұртқа бірден бауыр басып кеттік. Бұл  кеудемізден итермей, құшақ  аша қарсы алған  жергілікті  жұрттың  даладай кең пейілінен болса керек. Сондықтан қиын-қыстау шақта қолдау танытқан семейліктерге айтар менің алғысым шексіз. Өз баласынан кем көрмейтін қала тұрғындарына ризашылықтан басқа алып-қосарым жоқ. Мен қоршаған қарашаның қайырымдылығынан болар, менің де Отанға деген махаббатым сондай ыстық. Сондықтан болар, бұғанам бекіп, қабырғам қатайған тұста, белімді бекем буып  Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышымды өтеуді жөн санадым.  Дархандығы даласынан дарыған қазақ жұртымен алғыс  күнін  атап өтіп,   бейбіт елдің аспанында мамырыжай күн кешейік.

Ибрагим Хакимов, 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -