Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, алып ойдың иесі, хакім Абай Құнанбайұлы «қарны тоқтық, көйлегі көктік, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын дейді» Иә, жегені алдында, жемегені артында қалған жанның тоғышарланып, өмір сүруге деген құлшынысынан айырылары хақ.
Дегенмен, көйлегің көгермей, жұмыссыз жүрсең – қу тұрмыстың күйбеніне түскенің болып есептеледі. Міне, менің әке-шешем де Өзбекстанда бала-шағасын асырауға лайықты, мардымды нәпақа алатын жұмыс таппай сенделді. Ол жақтағы біздің ауыл тұрғындары табысты боламын деп Мәскеуге сабылса, ал біз Қазақстандағы Шымкент қаласына табан тіредік. Анамды таңқалдырған бұл шешімді әкем қабылдапты. Алғашында пәтер жалдап күнелттік. Содан кейін саудамен айналыстық. «Еңбек етсең емерсің» демекші, ешкімді танымайтын өлкедегі шелектеп төгілген тер соңында өз жемісін берді. Бүгінде әке-шешем Шымкент қаласындағы бірнеше кәсіптің иесі атанды. Енді Астана қаласынан да бизнес көздерін ашып, елордаға ойысуды жоспарлап жүр. Менің ойымша Қазақстан мүмкіндіктер мекені. Егерде өзің талпынсаң, мемлекет әрбір талпынысыңды бағалайды. Менің ойымша, ежелден бір-біріне етене жақын қазақ пен қырғыз достығы жыл санап артып келеді. Сондықтан бірлігіміз жарасқан жерде мағыналы ғұмыр кешуді Алла нәсіп еткендей. Осы орайда, отбасымды аяғынан нық тұрғызып, әкемді атпал азаматқа, анамды іскер әйелге айналдырған Қазақстанға айтар алғысым зор. Бұйығы күйде бөтенсіп келген қаймананы, қапсыра құшағыңа алғаны үшін қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығың үшін қазақ халқына тағы да бір мәрте алғыс айтамын. Мен әулетімнің әлеуетін арттырып, өсіп-өнген елдің шекарасын жаудан қорғап, тыныштығын күзетуге дайынмын.
Қатардағы жауынгер Бахтияр Мурсултанов, 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері