Әуе күзетінде: авиация келбеті

1056
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әуе кеңістігінің қауіпсіздігі мен жүйелі жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл бағытта тек әскери дайындық қана емес, жоғары ұйымдастырушылық қабілет пен тиянақтылық та маңызды. Аспандағы әр қозғалыстың артында жерде атқарылатын ұқыпты еңбек жатыр. Жоспарлау, есепке алу, құжат айналымы – бәрі де дәлдік пен жауапкершілікті талап етеді. Осындай маңызды міндетті абыроймен атқарып жүрген Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Авиация басқармасын қамтамасыз ету орталығының аға маманы – ефрейтор Гүлжан Әукенова.

Гүлжан Серікқызы 1993 жылы 3 қыркүйекте қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр елінде өмірге келген. Отбасында үш ағайынды. Мектепті үздік оқушы ретінде аяқтап, Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университетте білім алған. 2023 жылдан бастап Астана қаласындағы Ұлттық ұланның 3656 әскери бөлімінде қызмет атқарып келеді.

− Жауапты орындаушы ретінде менің негізгі атқаратын міндеттерім ˗ құжат айналымын бақылау, күнделікті құжаттарды реттеу және жинақталған қағаздарды бір жүйеге келтіру, сонымен қатар басшылық берген тапсырмаларды орындау сияқты қызметтерді атқарамын, - дейді әскери қызметші.

Ефрейтор Әукенованың бұл саланы таңдауы оның жүрек қалауынан туған шешім екенін аңғаруға болады.

− Мен әскери авиация саласына саналы түрде келдім. Яғни, бұл таңдау алдын-ала ойластырылған еді. Өзімнің ішкі жауапкершілік сезіміммен үйлескен қадам болды. Сонымен қатар, елге қызмет етуге, тәртіп пен жауапкершілікке деген сүйіспеншілігім де осы таңдауыма әсер етті. Тіпті, ата-анам да менің әскери қызметке келуіме қарсы болған жоқ. Керісінше, қолдауларын білдіріп, баталарын берді. Осы тұста ата-анам мен бауырларыма алғыс айтамын. Олар маған сенім артып, әрдайым жанымнан табылып келеді, - дейді әскери ару.

Ол үшін авиация саласында қызмет ету – жаңа тәжірибе жинау және әртүрлі бағыттарда өз мүмкіндігін сынау дегенді білдіреді. Оның ойынша, бұл саланың ең қызықты тұсы – ұшақтар мен авиациялық жүйелердің жұмысын жақыннан көру. Шындығында, әуе кеңістігінде қызмет атқаратын мамандардың жұмысын тек салаға қатысы бар адамдар ғана толық көре алады. Қарапайым адамдар үшін бұл сала көбіне қызығы мен шыжығы, кейде қорқынышы басым мамандықтардың бірі болып көрінеді. Себебі аспанда қалықтап ұшу ғана емес, олардың қозғалысын бақылап, жүйелі түрде үйлестіру де аса жауапкершілікті талап етеді.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының авиация саласы тек ер мінезді, жігерлі ер азаматтармен шектелмейді. Бұл салада қазақтың ару қыздары да аянбай еңбек етуде.

− Авиация саласында қызмет атқарып жүрген әйелдер аз емес. Авиабазадағы әйелдер ұжымы ерлер сияқты жауапкершілікпен және тиянақтылықпен қызмет атқарады. Сырт көзге бұл сала оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда әр тапсырма уақытылы, дәл және қатесіз орындалуы тиіс. Себебі әуе кеңістігін бақылап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әскери қызметшілердің басты міндеті. Сол себепті сала мамандары өз жұмыстарына адал қарайды. Егер маманның қабілеті мен білімі жеткілікті болса, барлық нәрсені тез меңгеріп кетеді. Сондай-ақ, қыз баласы ер азаматтармен бір сапта қызмет атқарған кезде нәзіктік пен табандылықты қатар алып жүруге тырысады. Оның өзі де әйелдердің жарқын бейнесін сипаттайды. Әскери қызмет барысында ең алдымен сабырлық пен сыпайылық басты рөл атқарады. Себебі, адам баласы қызмет бабында ұжыммен жұмыс істейді. Міне, сол ортада әріптестеріңмен жақсы қарым-қатынаста болуың керек, - дейді ефрейтор.

Әскери қызметші әрі нәзік жан ретінде қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау, әрине, оңай емес. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алайда шаңырақтағы өзара түсіністік пен бір-біріне деген мейірім бар жерде кез келген қиындықты еңсеруге болады.

– Мен үшін әскери қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру аса қиындық туғызбайды. Жалпы әйел адам ғана емес, кез келген жан уақытын тиімді жоспарлай білсе, барлығына да қол жеткізе алады. Бұл өмірде «мүмкін емес» деген нәрсе жоқ шығар. Алға қадам жасау да, кейінге шегіну де әркімнің өз еркінде деп білемін. Себебі, өзім де тұрмыстамын. Жолдасым менің әрбір таңдауыма құрметпен қарап, үнемі жанымнан табылады. Ол ешқашан менің шешімдеріме қарсылық білдірген емес. Сол үшін де жолдасымның маған деген сенімі әрдайым мені жігерлендіріп отырады, - деді ол.

Гүлжан Әукенова қызметтен тыс уақытта өзінің қызығушылықтарын дамытуға тырысады. Ол әртүрлі хоббилермен шұғылданып, музыкалық аспапта ойнайды. Сонымен қатар, спортпен шұғылданып, сұлулыққа мән береді. Мұның бәрі оның ішкі жан дүниесінің нәзіктік пен мейірімділікке толы екенін көрсетеді.

Қайсарлық пен көркем мінезді тоғыстырған маман өзінен кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп, көктемнің шуақты мерекесі әйелдер күні қарсаңында шынайы тілегін жолдады.

– Әскери авиацияда қызмет еткісі келетін қыз-келіншектерге айтар кеңесім – өздеріңізге әрдайым сенімді болыңыздар және жаңа бағытта тәжірибе алудан қорықпаңыздар. 8 Наурыз – әйелдер күні қарсаңында барлық қазақ қыздарына, әскердегі әріптестеріме зор денсаулық, баянды бақыт және амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Көк аспанымыз әрқашан ашық болсын, - деді ефрейтор.

Әйел адам – бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербететін аяулы жан. Ол отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шамшырағы. Қыз-келіншектер – өмірдің мәні мен сәні. Олар қызмет пен отбасы арасындағы жауапкершілікті қатар алып жүрсе де, бірлік пен татулықты сақтауға тырысады. Өздері сенімді, жігерлі болса, кез келген қиындықты жеңе алады. Олардың жүрегіндегі мейірім мен сабыр – тұтас қоғамның тірегі. Нәзіктігімен қатар қайсарлығы үйлескен әйел – ұлттың рухани күші.

Ұлдана Нурадин, ҚазҰУ студенті

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -