Қазіргі таңда Таяу Шығыс өңірінде қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды елге қайтару бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.
Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытқа дейін қауіп аймағынан 1000 астам Қазақстан азаматы эвакуацияланды, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Үйлестіру жұмыстары өңірдің бірнеше мемлекеті бойынша қатар жүргізілуде. Мұндай операцияларды ұйымдастыру дипломатиялық, көліктік және қауіпсіздік құрылымдарының бірлескен әрі үйлесімді әрекетін талап етеді.
Осындай жағдайларда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері — елшіліктер жанындағы әскери атташелердің өзара іс-қимылы ерекше маңызды рөл атқарады.
Жұмыс механизмі
Сыртқы істер министрлігі мен дипломатиялық өкілдіктер консулдық және дипломатиялық бағыттағы жұмыстарды жүзеге асырады.
Атап айтқанда:
- Қазақстан азаматтарымен байланыс орнату;
- азаматтардың тізімдерін қалыптастыру;
- жедел байланыс желілерін ұйымдастыру;
- қабылдаушы мемлекеттердің билік органдарымен өзара іс-қимылжасау;
- эвакуациялық рейстер мен транзиттік бағыттарды келісу.
Сонымен қатар, бұл процеске әскери атташелер белсенді түрде қатысады.
Әскери атташе — бұл Қазақстан Қарулы Күштерінің офицері, ол елшілік құрамында қызмет атқарып, қабылдаушы мемлекеттің қорғаныс және күштік құрылымдарымен тұрақты байланыс орнатады.
Дағдарыс жағдайында олардың қызметі айтарлықтай кеңейеді.
Әскери атташелер арқылы келесі мәселелер шешіледі:
- қабылдаушы елдің әскери және күштік құрылымдарымен жедел өзара іс-қимыл;
- азаматтарды қауіпсіз аймақтарға жеткізу маршруттарының қауіпсіздігін бағалау;
- азаматтарды жинау және олардың қозғалысын үйлестіру;
- эвакуациялық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Осылайша, әскери атташелер эвакуациялық операциялардың жергілікті жерде тиімді жүзеге асуына ықпал ететін маңызды буынға айналады.
Қазақстан тәжірибесі
Қазақстан бұған дейін де шетелдегі дағдарыстық жағдайларда өз азаматтарын эвакуациялау бойынша бірқатар операцияларды жүзеге асырған.
Мысалы:
- 2021 жылы Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуі кезінде Қазақстан азаматтарын және бірқатар шетелдік азаматтарды эвакуациялау;
- 2022 жылы Украинадағы әскери қақтығыс басталғаннан кейін Қазақстан азаматтарын елге қайтару;
- Таяу Шығыс өңіріндегі түрлі тұрақсыздық кезеңдерінде жүргізілген эвакуациялық шаралар.
Бұл тәжірибелердің барлығында дипломатиялық қызмет пен әскери өкілдердің үйлесімді әрекеті шешуші рөл атқарды.
Халықаралық тәжірибе
Осындай модель көптеген мемлекеттерде қолданылады.
Мысалы:
- АҚШ азаматтарын эвакуациялау кезінде әскери атташелер мен Қорғаныс министрлігінің құрылымдарын кеңінен пайдаланады;
- Франция және Ұлыбритания елшіліктер жанындағы әскери өкілдер арқылы қабылдаушы елдердің күштік құрылымдарымен жұмыс жүргізеді;
- Германия Бундесвердің әскери атташелері арқылы эвакуациялық операцияларды үйлестіреді.
Бұл тәжірибе әскери атташелердің халықаралық деңгейде дағдарыс жағдайларында маңызды құралдардың бірі екенін көрсетеді.
Қазіргі жағдай
Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайда осындай үйлестірілген жұмыс
Қазақстанға азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге, олардың орналасқан жерін анықтауға және қауіпсіз аймақтарға жеткізу мен елге қайтару шараларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Эвакуациялық жұмыстар Қазақстан Республикасының соңғы азаматы елге оралғанға дейін жалғаса береді.
Запастағы полковник Дархан Данияров, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі сарапшы



