Астанада еңбекші әйелдерге арналған мерекелік концерт өтті

1089
Фотосурет: Gov

Елордада Е.Рахмадиев атындағы филармонияның камералық залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Әйел – әлемнің жүрегі» атты мерекелік концерт өтті. Іс-шара Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мерекелік кешке елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген түрлі сала өкілдері жиналды, олардың қатарында коммуналдық қызметкерлер, медицина мамандары, тәрбиешілер, аспаздар, тігіншілер, автобус жүргізушілері және басқа да еңбек адамдары бар.

Елорда әйелдерінің еңбегі ерекше атап өтілді

Іс-шара барысында сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен еңбекші әйелдердің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.

«Осында жиналған әйелдер қауымы – елордамыздың жылуын, тыныштығын және көркін қалыптастырып жүрген, маңызды салаларда еңбек ететін жандар. Шынында да, әйел адам бір мезетте бірнеше істің басын ұштастыра алады. «Бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Елордамыздың әйелдері де дәл сондай. Олар бір жағынан отбасының берекесін келтіріп, бала тәрбиесімен айналысса, екінші жағынан қоғамдық өмірге белсене араласып, ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі шараға дәл осындай еңбекқор, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жандар жиналып отыр. Қазіргі таңда елордамызда 1,6 миллионға жуық тұрғын бар. Оның жартысынан көбі – әйелдер. Ал сол әйелдердің басым бөлігі экономикалық тұрғыдан белсенді, яғни қаланың тыныс-тіршілігіне тікелей үлес қосып жүрген азаматтар. Сондықтан сіздерге алғыс білдіреміз. Отбасыларыңызға береке, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілейміз!» – деді Есет Байкен.

Еңбек адамдарына арналған дәстүрлі шара

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия еңбек етіп жүрген қарапайым мамандарды құттықтауды дәстүрге айналдырған.

Биыл мұндай іс-шара төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.

Комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мағжанның айтуынша, бұл жолы концертке 110 адам шақырылған.

«Бүгін біз 110 адамға арналған үлкен концерт ұйымдастырдық. Бұл шараға түрлі салада еңбек етіп жүрген еңбеккерлер шақырылды. Тіпті олардың арасында бір салада еңбек ететін үш буын өкілдері – әжесі, қызы және немересі бірге келіп отырған отбасылар да бар. Біз осындай еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетуді мақсат еттік. Өйткені көбіне басшылықтағы адамдар марапатталып жатады да, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді қамтамасыз етіп жүрген жұмысшы мамандық иелері назардан тыс қалып қояды», – деді Назгүл Мағжан.

Әйелдердің қоғамдағы рөлі артып келеді

Мамандардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы рөлін айқындай түседі.

Әсіресе қала өмірін қамтамасыз ететін түрлі мамандық иелерінің еңбегін көпшілікке таныстыру – осындай бастамалардың басты мақсаты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -