Конституциядағы жаңа өзгеріс мемлекет пен азамат қатынасын өзгертеді

1452
Фотосурет: © Sputnik/Владислав Воднев

Қазақстанда ұсынылған жаңа Конституция жобасында мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты өзгертетін маңызды норма қарастырылған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы заң ғылымдарының кандидаты, құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Байркенова Гүлмира Төлеубекқызы өз талдауында атап өтеді.

Фотосурет: vku.edu.kz

Жобаға енгізілген негізгі жаңалықтардың бірі – мемлекеттің адам құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілігін нақты бекіту.

Мемлекет жауапты субъект ретінде

Конституция жобасының 15-бабының 6-тармағында азаматтардың маңызды құқығы бекітілген.

«Әр адамның мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекетімен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар».

Автордың айтуынша, бұл норма жария билік пен адам арасындағы қарым-қатынас логикасын түбегейлі өзгертеді. Енді заң алдында тек азамат қана емес, мемлекет пен оның өкілдері де жауапты субъект ретінде қарастырылады.

Қандай жағдайларда мемлекет жауап береді

Жаңа конституциялық норма мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келген зиянды өтеу міндетін қарастырады.

Мұндай жағдайларға мыналар жатады:

  • қызмет көрсетуден заңсыз бас тарту
  • заңсыз ұстау немесе қамауға алу
  • азаматты заңсыз жауапқа тарту
  • мүлікті құқықтық негізсіз алып қою
  • тергеу органдарының заңсыз әрекеттері

Осындай жағдайларда мемлекет азаматқа келтірілген зиянды өтеуге міндетті болады.

«Билік қателікке жауап береді» қағидаты

Автордың пікірінше, бұл норманы «билік қателікке жауап береді» принципі деп атауға болады.

Яғни, мемлекеттік билік жауапкершіліктен иммунитетке ие болмайды және заңсыз әрекеттер үшін материалдық жауапкершілікке тартылады.

Халықаралық тәжірибе

Мұндай құқықтық модель көптеген дамыған елдердің конституциялық жүйесінде бар.

Мысалы:

  • Германияда – мемлекет келтірілген зиян үшін жауап беретін конституциялық принцип
  • Францияда – мемлекеттің әкімшілік жауапкершілік доктринасы
  • Ресейде – Конституцияның 53-бабы арқылы бекітілген ұқсас норма

Бұл тәжірибелер мемлекеттік биліктің заң алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Неліктен бұл маңызды

Сарапшылардың пікірінше, мұндай норманы Конституцияға енгізу азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық теңдікті нығайтады.

Бұл бірнеше маңызды нәтижеге әкелуі мүмкін:

  • азаматтардың құқықтарын қорғау механизмін күшейту
  • мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру
  • «Заң және тәртіп» қағидатын нақты іске асыру
  • құқықтық мемлекет стандарттарына жақындау

Автордың пікірінше, бұл өзгеріс әрбір азаматты жария-құқықтық қатынастардың тең құқылы қатысушысына айналдырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -