Алматыда ТМД елдерінде теңдесі жоқ жаңа өрт сөндіру-құтқару кешені ашылды

1078
Фотосурет: Gov

Алматы қаласының Түрксіб ауданында Қазақстандағы алғашқы жаңа форматтағы өрт сөндіру-құтқару кешені – №21 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашылды. Бұл нысан ТМД елдері арасында да теңдесі жоқ кешен ретінде бағаланып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев, бөлімшелердің жеке құрамы және қызмет ардагерлері қатысты.

Кешен небәрі төрт айда салынды

Жаңа нысан жедел мақсаттағы «Алатау» оңтүстік базасының аумағында орналасқан және төрт айдың ішінде салынған.

Кешен құрамына әкімшілік-тұрмыстық блогы бар өрт сөндіру бөлімі, қызметкерлерге арналған тұрғын апартаменттер, «Batyr Team» жаттығу орталығы және заманауи спорт инфрақұрылымы кіреді.

Өрт сөндіру бөлімі алты бірлік арнайы техниканы орналастыруға арналған.

Құтқарушыларға жаңа техника берілді

Салтанатты рәсім барысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жаңа бөлімшеге арнайы техникалардың кілттерін табыстады.

Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, автосаты, жедел қызметтік автокөліктер және квадроциклдер бар. Сонымен қатар бірқатар қызметкерлерге қызметтік пәтерлердің кілттері тапсырылды.

Құтқарушылар үшін барлық жағдай жасалған

Әкімшілік-тұрмыстық блокта қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған.

Мұнда оқу сыныбы, медициналық кабинет, жұмыс бөлмелері, демалыс және тамақтану аймақтары, санитарлық-тұрмыстық орындар және арнайы техникалық үй-жайлар жабдықталған.

Техникаға арналған инфрақұрылым да толық қарастырылған, атап айтқанда автоматты қақпалары бар жылытылатын ангар, қарау шұңқыры, жуу аймағы және жеке диспетчерлік орталық жұмыс істейді.

Құтқарушыларға арналған тұрғын апартаменттер салынды

Кешен құрамына қызметкерлерге арналған жеке апартаменттер ғимараты да кіреді.

Бұл ғимаратта тұрғын бөлмелер, демалыс және тамақтану аймақтары, сондай-ақ құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелеріне арналған тұрмыстық үй-жайлар бар. Іргелес аумақта балалар ойын алаңы да жабдықталған.

Құтқарушылардың дайындығына ерекше назар аударылған

Жаңа кешенде құтқарушылардың кәсіби дайындығы мен дене даярлығына ерекше көңіл бөлінген.

Аумақта «Batyr Team» жаттығу орталығы жұмыс істейді, оның құрамына функционалдық жаттығу залы, жекпе-жек алаңы және түрлі спорттық аймақтар кіреді.

Сонымен қатар кешенде футбол алаңы, жаттығу мұнарасы, воркаут алаңы және құтқарушылардың кәсіби дайындығына арналған басқа да нысандар бар.

Жаңа бөлімше 50 мыңнан астам тұрғынды қамтиды

Жаңа өрт сөндіру бөлімі Түрксіб ауданының батыс бөлігін өрттен қорғауды қамтамасыз етеді.

Қамту аймағына Әлмерек, Жұлдыз, Маяк, Көкжиек және Кемел шағын аудандары, сондай-ақ Алматы облысының Іле ауданына қарасты Gate City, Қоянқұс, Жаңаталап, Жаңадәуір және Ынтымақ елді мекендері кіреді.

Бұл аумақта 50 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді және 230-дан астам кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді.

Қауіпсіздік деңгейі артады

Мамандардың айтуынша, жаңа өрт сөндіру-құтқару кешенін жауынгерлік есепке енгізу төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын едәуір қысқартады.

Соның нәтижесінде Алматы қаласы мен оған жақын елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай артады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -