Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйлеп, жаңа Конституция Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды құжат екенін айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Президенттің айтуынша, ұсынылып отырған Ата заң елдің саяси және құқықтық жүйесін жаңғыртуға, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
«Шын мәнінде, жаңа Ата заң – өркениеті бай, тарихы терең, мұраты биік, жоспары айқын, болашағы жарқын, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза Қазақстанның төлқұжаты», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекеттік шешімдер – ұлт мүддесіне негізделеді
Президент ел алдында тұрған міндеттерге жауапкершілікпен қарау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде Қазақстанға жайбарақаттық пен уақыт жоғалтуға болмайды.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде әрбір шешімді тек ұлт мүддесі тұрғысынан қабылдайтынымды атап өткім келеді. Бізге арқаны кеңге салып, жайбарақат жүруге болмайды. “Бір жөні болар, жолымыз болар” деп отыра алмаймыз. Оған құқымыз да жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан эволюциялық даму жолын таңдағанын айтты. Бұл – жан-жақты, жедел және батыл жаңғыруды көздейтін бағыт.
Конституциялық жүйе түбегейлі жаңарады
Мемлекет басшысының айтуынша, ұсынылып отырған Конституция жобасы қабылданған жағдайда мемлекет пен азаматтардың өзара қатынастары жаңа сипатқа ие болады. Сонымен қатар елдің бүкіл заң жүйесі жаңармақ.
Ата заңға өзгерістер енгізу тәртібі де жетілдіріледі.
Қазіргі Конституция бойынша Негізгі заңға өзгерістер мен толықтыруларды Парламент енгізе алады және мұндай жағдай бұрын бірнеше рет болған.
Ал жаңа ережеге сәйкес Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар бойынша шешім тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады.
Конституцияға өзгерістер тек халық шешімімен қабылданады
Президенттің айтуынша, мұндай қадам жекелеген саяси топтардың мүддесіне байланысты негізсіз түзетулер енгізудің алдын алуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер халықтың тікелей қатысуымен шешілуі тиіс екенін атап өтті.
«Мен Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап ел тағдырына қатысты аса маңызды мәселенің бәрі халықтың талқысынан өтіп, референдум арқылы шешіліп келеді. Бұл мен үшін мызғымас ұстаным болды», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанда референдум институты қайта жанданды
Президенттің айтуынша, 1995 жылы қабылданған «Референдум туралы» конституциялық заң күшіне енгеннен кейін ол алғаш рет 2022 жылы қолданылды.
Ал алдағы референдум тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші жалпыхалықтық дауыс беру болмақ.