Солтүстік Арал теңізін сақтау: жаңа жоба іске асады

935
Фотосурет: Gov

Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Жобаның басты мақсаты – Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру, деп хабарлайды DKNews.kz.

Көкарал бөгетін реконструкциялау нәтижесінде су айдыны 3 913 шаршы шақырымға, ал су көлемі 34 млрд текше метрге дейін ұлғаймақ. Бұл теңіздің экологиялық тұрақтылығы мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Ирригация жүйелерін жаңғырту

Министрлік Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал-Сырдария бассейнінің ирригация жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобалау-сметалық құжат әзірлеуде. Бұл шаралар суды тиімді пайдаланып, үнемделген су көлемін Солтүстік Аралға бағыттауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жоба ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен жұмыс істейтін Халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жөніндегі үйлестіру кеңесіне ұсынылуда. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2026-2029 жылдар.

Соңғы жетістіктер

Соңғы үш жылда Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін келісу және мемлекетаралық келісімдерді қатаң сақтау нәтижесінде Солтүстік Арал теңізіне 6 млрд текше метрден астам су келді.

Нәтижесінде 2022 жылдың соңында 18,9 млрд текше метр болған су көлемі 2025 жылдың соңына қарай 23 млрд текше метрге жетті.

Экологиялық және стратегиялық маңыз

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, бұл жоба тек экологиялық міндет қана емес, сонымен қатар әлеуметтік және стратегиялық маңызы бар.

«Мемлекет басшысы Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселесінің маңызын бірнеше рет атап өтті. Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Орталық Азия елдері үшін Солтүстік Аралды сақтау және қалпына келтіру – тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әрі стратегиялық міндет», – деді министр.

Жобаның жүзеге асуы Солтүстік Арал теңізінің су деңгейін тұрақтандырып, өңірдегі ауыл шаруашылығы мен экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -