Ұлттық банктің жаңа орынбасары тағайындалды

990
Фотосурет: facebook.com/binur.zhalenov

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлттық банктің жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл қызметке 33 жастағы Бинұр Жәленов келді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Тиісті ақпарат 2026 жылғы 13 наурызда Ақорданың Telegram-арнасында жарияланды.

«Мемлекет басшысының өкімімен Бинұр Мұратұлы Жәленов Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.

Бинұр Жәленов туралы не белгілі

Бинұр Жәленов 1993 жылғы 19 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген.

Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін 2010–2014 жылдары «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Кейін Нью-Йорк университетінде 2019–2021 жылдары ақпараттық жүйелер магистрі және бизнес әкімшілігі магистрі (MBA) дәрежесін алған. 2022 жылы Кембридж университеті Бизнес мектебінде «Cambridge FinTech and Regulatory Innovation» бағдарламасы бойынша білім алған.

Бинұр Жәленов – «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты.

Еңбек жолы

Еңбек жолын ол 2013–2015 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС-де IT-консультант ретінде бастаған.

Одан кейінгі қызметтері: 2015–2018 жылдары «Isker Akparat» ЖШС-де менеджер, даму директоры және бас директордың орынбасары; 2019–2020 жылдары Нью-Йорк университетінің Курант математика институтында зерттеу ассистенті; 2020 жылы IBM IX компаниясында технологиялық стратегия бойынша консультант; 2019–2021 жылдары қашықтықтан Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі; 2021–2023 жылдары Ұлттық банктің «Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы» АҚ төрағасы; 2023 жылғы 2 ақпаннан 2023 жылғы 8 тамызға дейін Ұлттық банктің «Қазақстандық банктер аралық есеп айырысу орталығы» РГП директоры; 2023 жылғы 8 тамыздан 2024 жылғы 9 қыркүйекке дейін Ұлттық банктің «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ төрағасы.

2024 жылғы қыркүйектен бастап жаңа тағайындауға дейін ол Ұлттық банктің цифрлық трансформация жетекшісі және төрағаның кеңесшісі қызметін атқарды.

Бұрынғы орынбасар қызметінен босатылған

Айта кетейік, 2026 жылғы 20 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банктің бұрынғы орынбасары Берік Шолпанқұловты қызметінен босатқан болатын.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -