Astana Hub халықаралық инновациялық кластері Silkway Accelerator 2026 бағдарламасының жетінші легіне өтінім қабылдауды бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бағдарламаның мақсаты мен қатысушылар ауқымы
Astana Hub Google for Startups және Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, технологиялық стартаптарды жылдам дамытуға арналған Silkway Accelerator бағдарламасының жаңа легін жариялады. Бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер 30 сәуірге дейін astanahub.com платформасында қабылданады.
Қатысушылар:
- Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия, Моңғолия елдерінің командалары
- Дайын өнімі бар және оны жаңа нарықтарға шығару үшін жетілдіруді көздейтін стартаптар
Қазақстан – Орталық Азияда Google for Startups-пен бірлесе осындай акселерациялық бағдарламаны жүзеге асырып отырған алғашқы ел. Биыл бағдарлама алғаш рет Алматыдағы Almaty Hub алаңында өтеді.
Silkway Accelerator тәжірибесі
Соңғы төрт жылда бағдарламаға 1470 өтінім түсіп, тек 73 стартап акселерациядан өтті. Түлектер жалпы $48 млн-нан астам инвестиция тартып, жиынтық бағасы $500 млн-нан асқан. Олардың арасында zypl.ai, Arlan Biotech, NB Fit, UvU, ApartX, Biometric Vision, TrustMe, Mirai Tech, Grand Mobile, Alaqan сияқты жобалар бар.
Biometric.Vision компаниясының негізін қалаушы Әлібек Наримбай бағдарламаның стартаптың өсуіне және халықаралық нарыққа шығуына үлкен серпін бергенін атап өтті.
«Silkway Accelerator бізге негізгі мақсаттарға назар аударуды, қай нарықтарға шығу керегін дұрыс таңдауды және басқа елдердің нарығын тереңірек талдауды үйретті. Осы тәжірибенің нәтижесінде Biometric.Vision өз дамуын жеделдетіп, командасын күшейтіп, өнім стратегиясын нақтылай алды. Silkway Accelerator –мықты халықаралық қауымдастық, қазақстандық стартаптардың оның бір бөлігі бола алатыны қуантады. Қазір біз Қазақстан нарығында нық орнығып, Қырғызстан мен Малайзияда жұмыс істеп жатырмыз, сондай-ақ Мексика, Әзербайжан, Сингапур және БАӘ елдерінде пилоттық жобалар жүргізіп жатырмыз. Бұл тек бастамасы ғана. Silkway Accelerator осы үдерісті қатты жеделдетіп, өсуіміздің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Менің ойымша, бұл біз қатысқан ең пайдалы акселераторлардың бірі», – деді бағдарлама түлегі, Biometric.Vision компаниясының бас директоры және негізін қалаушы Әлібек Наримбай.
Бағдарлама құрылымы мен қолдау
Бағдарлама 12 аптаға арналған. Қатысушыларға ұсынылатын мүмкіндіктер:
- Алматыда тегін тұру және кеңсе
- Google Cloud ресурстарына $100000 дейін қолжетімділік
- Google Workspace сервистері
- Жеке даму менеджері
- Тәжірибелі мамандармен жұмыс жасау, өнімді жетілдіру және өсуін жеделдету

Silkway Accelerator жетекшісі Евгений Фроловтың айтуынша, бағдарламаның басты миссиясы стартаптарды жаңа нарықтарға шығарып, масштабталуға үйрету.
«Қазақстан – аймақта стартап экожүйесі бірнеше жылдан бері жүйелі түрде дамып келе жатқан сирек нарықтардың бірі: инфрақұрылым қалыптасқан, акселерациялық бағдарламалар бар, қаржыландыруға және халықаралық бастамаларға қолжетімділік бар. Қазіргі негізгі мәселе – жаңа құралдар жасауда емес, стартаптардың сапасын арттыруда және олардың масштабтала алу қабілетінде. Біздің тәжірибеміз бойынша, басты тапшылық – идеяда да, ресурста да емес, нарыққа шығып, ауқымды бизнес модель құра білу қабілетінде. Silkway Accelerator дәл осы кезеңмен жұмыс істейді. Стартаптың өнімі бар, алайда ендігі көзделген басты мақсат даму», – деді Silkway Accelerator бағдарламасы жетекшілерінің бірі Евгений Фролов.
Demo Day және инвестиция мүмкіндіктері
Бағдарламаның соңында Demo Day өтеді. Қатысушылар жобаларын инвесторлар, венчурлық қорлар мен серіктестерге таныстырады. Ең үздік стартаптар Astana Hub Ventures шорт-листіне кіріп, инвестиция тарту мүмкіндігіне ие болады.