Қазақстандағы исламдық қаржыландыру: нишалық сегменттен жүйелі нарыққа көшу

2035
Жан Арыстанұлы Редактор

Қазақстандағы исламдық қаржыландыру біртіндеп нишалық сегмент шеңберінен шығып келеді. «Исламдық терезе» моделін енгізуді қамтитын жаңа заңнамалық бастамалар нарықты ауқымды түрде дамытуға және жаңа қатысушыларды тартуға қосымша мүмкіндіктер ашуда. Сонымен қатар реттеу, шариғат қағидаттарын сақтау және инвесторлар мен клиенттердің сенімін қалыптастыру мәселелері негізгі басымдық болып қала береді.

Қазақстандағы исламдық қаржыландырудың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ алдағы жылдары нарықты қандай өзгерістер күтіп тұрғаны туралы біздің басылымға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаев айтып берді.

– Қазақстан өңірде алғашқылардың бірі болып исламдық қаржыландыруды енгізді. Неліктен бұл нарық әлі де салыстырмалы түрде шағын болып отыр?

– Қазақстан шынымен де өңірде исламдық қаржыландырудың пионері болды. Ислам банктеріне арналған заңнамалық база 2009 жылы қалыптастырылды. «Банктер және банк қызметі туралы» заңның алдыңғы редакциясында ислам банктерін құруға, сондай-ақ дәстүрлі банкті ислам банкіне айналдыруға мүмкіндік қарастырылған еді. Бұдан бөлек, заңда шариғат қағидаттарына сәйкес келетін исламдық банктік операциялардың тізбесі бекітілді.

Алайда бұл нарық күтілгеннен баяу дамыды. Оның басты себебі – институционалдық модель. Исламдық қаржылық қызметтерді тек арнайы ислам банктері ғана ұсына алды, бұл өз кезегінде нарықты кеңейту мүмкіндігін шектеді.

Жеке банк құру – көп капиталды талап ететін және ұзақ процесс. Сондықтан құқықтық база болғанына қарамастан, нарық нишалық деңгейде қалып қойды.

Бүгінде мемлекет іс жүзінде «ислам банктері» моделінен «исламдық қаржы экожүйесі» моделіне көшіп жатыр. Бұл исламдық өнімдерді қолданыстағы банк жүйесіне интеграциялауға мүмкіндік береді.

– Жаңа банктер туралы заң қандай өзгерістер әкелді?

– Негізгі жаңалық – «исламдық терезе» моделінің енгізілуі.

Енді дәстүрлі банктер исламдық операцияларға арналған жеке лицензия алған жағдайда исламдық банктік қызметтерді ұсына алады. Бұл исламдық өнімдер тек арнайы банктермен шектелмейтінін білдіреді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, «исламдық терезе» моделі исламдық қаржыландыру нарығының жылдам дамуына ықпал етеді. Мысалы, бастапқы кезеңде Малайзияда исламдық активтердің елеулі бөлігі осы модель арқылы қалыптасты. Ал Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейнде исламдық терезелер жеке инфрақұрылым құрмай-ақ өнімдерді жедел масштабтау құралы ретінде әлі де кеңінен қолданылады.

Қазақстан үшін бұл модель банктердің исламдық қаржыландыруға кіру кедергілерін айтарлықтай төмендетеді, өнімдерді тез іске қосуға мүмкіндік береді және оларды қолданыстағы филиалдық желі арқылы қолжетімді етеді. Нәтижесінде бәсекелестік күшейіп, банктердің өнімдік желісі кеңейеді, ал исламдық қаржыландыру нишалық сегменттен шығып, жалпы банк жүйесіне табиғи түрде енеді.

Іс жүзінде бұл институционалдық тәсілден (жеке банктер құру) өнімдік тәсілге (қолданыстағы банктер ішінде исламдық өнімдер ұсыну) көшу болып табылады.

Doina Gherban's Images

– Неліктен «исламдық терезе» моделі тиімді деп саналады?

– Бұл модель нарықтағы бірнеше негізгі құрылымдық шектеуді шешеді.

Біріншіден, банктер қолданыстағы инфрақұрылымды – филиалдық желіні, цифрлық арналарды, IT жүйелерді және клиенттік базаны пайдалана алады.

Екіншіден, нарыққа кіру кедергілері төмендейді. Жаңа банк құрудың орнына исламдық операцияларды іске асыру үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық шараларды орындап, жеке өнім желісін әзірлеп, тиісті лицензия алу жеткілікті.

Үшіншіден, исламдық өнімдер кең аудиторияға қолжетімді болады. Клиент өзіне таныс банкте исламдық қаржыландыру ала алады. Бұл әсіресе нарық дамуының бастапқы кезеңінде өте маңызды.

– Исламдық операциялардың шариғат қағидаттарына сәйкестігі қалай реттеледі?

– Бұл реттеудің негізгі элементтерінің бірі. Тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын жаңа талаптарда алғаш рет исламдық қаржыландыру қағидаттарын сақтамау тәуекелі ұғымы бекітілді. Бұл – исламдық операциялар мен қызметтердің шариғат талаптарына сәйкес келмеуі салдарынан қаржылық шығындардың, беделдік тәуекелдердің немесе құқықтық салдардың туындау ықтималдығы.

Сондай-ақ бұл талаптар банктерді ішкі бақылау рәсімдерін енгізуге міндеттейді. Атап айтқанда, банктің құрылымында исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша комплаенс-бақылау және ішкі аудит бөлімшелері болуы тиіс.

Осылайша, исламдық қаржыландыру тек өнімдер жиынтығы емес, тәуекелдерді басқару мен комплаенс жүйесінің толыққанды бөлігіне айналады.

finratings.kz

– Бұл жүйеде Шариғат кеңесінің рөлі қандай?

– Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес – бүкіл қаржылық архитектураның орталық элементі.

Ол банктің операциялары мен мәмілелерінің, ішкі құжаттарының шариғат қағидаттарына сәйкестігін қарайды және қорытынды береді, операция шарттарының өзгерістерін талдайды, талаптардың сақталуын бақылайды, комплаенс және ішкі аудит нәтижелерін қарастырады, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдар әзірлейді, сондай-ақ исламдық және басқа активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу үшін IT-инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.

Жаңа талаптарда кеңес мүшелерінің кәсіби біліктілігіне, тәуелсіздігіне және корпоративтік басқарудағы рөліне қойылатын талаптар күшейтілді.

Бұл өте маңызды, өйткені исламдық қаржы өнімдеріне деген сенім олардың діни-құқықтық сараптамадан өтуіне тікелей байланысты.

– Қазақстан үшін исламдық қаржыландыруды дамытудың стратегиялық мақсаттары қандай?

– Бұл бағыттың бірнеше стратегиялық мақсаты бар.

Біріншісі – қаржы жүйесін әртараптандыру. Исламдық құралдар тәуекелдерді бөлісу және нақты активтерді қаржыландыру қағидаттарына негізделген, бұл жүйенің тұрақтылығын арттырады.

Екіншісі – халықаралық капитал тарту. Әлемдік исламдық қаржы нарығы 3 триллион доллардан асады, және Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі орталықтардың біріне айнала алады.

Үшіншісі – қаржылық қолжетімділікті кеңейту. Халықтың бір бөлігі үшін исламдық өнімдер діни тұрғыдан анағұрлым қолайлы.

Ulysmedia

– Исламдық қаржыландыру Қазақстанның банк секторында маңызды орын ала ала ма?

– Исламдық қаржыландыру дәстүрлі банк жүйесін алмастырмайды, бірақ қаржы нарығының қосымша сегменті ретінде маңызды орын алуы мүмкін. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тиімді реттеу жағдайында исламдық активтердің үлесі банк секторының 10–20%-ына дейін жетуі ықтимал.

Қазақстан жағдайында «исламдық терезе» механизмі нарықты кеңейтудің негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырылады. Ол қысқа мерзімде өнім желісін ұлғайтуға және оларды қолданыстағы банк жүйесіне интеграциялауға мүмкіндік береді.

Бұл тәсіл тиімді жүзеге асқан жағдайда, Қазақстанда исламдық банктерді, инвестициялық құралдарды және исламдық бағалы қағаздар нарығын қамтитын толыққанды исламдық қаржы экожүйесін қалыптастыруға барлық мүмкіндік бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -