Қазақстанның қаржы жүйесі қазіргі таңда банкке негізделген қаржылық делдалдық моделіне сүйенеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Банк секторы елдің қаржылық жүйесінің жиынтық активтерінің 83%-ын құрай отырып, экономиканы қаржыландыру мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан негізгі рөл атқарады. Бұл құрылым қаржы топтарында да байқалады: банк конгломераттарының құрамында активтер, міндеттемелер және тәуекелдердің басты бөлігі банк сегментінде шоғырланған.
Банктік конгломераттардың көпфункционалды құрылымы
Қазіргі заманғы банк конгломераттары қаржы нарығының әртүрлі сегменттерін біріктіретін көпфункционалды қаржы топтары болып табылады. Банктерден бөлек, олардың құрамында қаржы ұйымдарының қызметін қамтамасыз ететін сақтандыру ұйымдары, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар, стрестік активтерді басқару ұйымдары, сондай-ақ сервистік және технологиялық компаниялар да бар. Мұндай құрылым топтарға кешенді қаржылық қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді, алайда топ деңгейінде тиімді қадағалауды талап етеді.
Цифрландыру және қаржы технологияларының ықпалы
Соңғы жылдары қаржы қызметтерін цифрландыру банк конгломераттарының құрылымында түбегейлі өзгерістерге алып келді. Қаржылық технологиялардың дамуы, жасанды интеллект пен платформалық модельдер банктерге жаңа қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. 2025 жылы Қазақстан заңнамасы кеңейтілді, бұл банктерге бағдарламалық қамтылымды, бұлттық технологияларды, биометриялық сәйкестендіруді, ақпараттық қауіпсіздікті, цифрлық платформаларды және қаржы нарығы үшін өзге де технологиялық шешімдерді әзірлеу мен сатып алуға рұқсат берді. Бұл қаржы секторының неғұрлым технологиялық архитектураға өтуін көрсетеді және шоғырландырылған қадағалауды дамыту қажеттігін туғызады.
Шоғырландырылған қадағалау жүйесінің негіздері
Шоғырландырылған қадағалау қаржы топтарын реттеудің негізгі элементі болып табылады. Бұл жүйе қаржы ұйымдарының орнықтылығын бағалаудан бастап, топ ішіндегі операциялар мен қатысушылар арасындағы өзара байланысты бағалауға мүмкіндік береді. Қазақстандағы шоғырландырылған қадағалау жүйесі капиталды есептеу әдіснамасын және капитал жеткіліктілігі нормативтерін енгізе отырып, банк конгломераттарына қойылатын пруденциялық талаптарды қамтиды.
Халықаралық стандарттарға сәйкес реттеу
Шоғырландырылған қадағалауды дамытуда халықаралық тәжірибелерді ескеру маңызды. Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің, Біріккен Форумның (Joint Forum on Financial Conglomerates), Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің (FSB) және Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің ұсынымдары Қазақстанның реттеу жүйесін жаңарту кезінде ескерілген. Бұл реттеудің халықаралық стандарттарға сәйкестігін арттыруға және қаржы нарығының әртүрлі сегменттері арасындағы тәуекелдер мен ақпарат алмасуды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда енгізілген жаңа талаптар
2024 жылы Қазақстанда шоғырландырылған қадағалауды дамыту шеңберінде банк конгломераттарына қойылатын жаңа талаптар енгізілді. 2025 жылы күшіне енген осы талаптар тәуекелдерді сәйкестендіру, бағалау және мониторингтеу рәсімдерін қамтиды. Сонымен қатар, топтың ішкі бақылау жүйесі мен тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптар жаңартылды. Мұндай шаралар қаржы тобының деңгейінде бірыңғай тәуекел-менеджмент жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Тәуекелдерді кешенді басқару
Қазақстандағы шоғырландырылған қадағалаудың жаңартылған тәсілі қаржы конгломераттарына тән тәуекелдерді кешенді басқаруды көздейді. Негізгі тәуекелдер қатарына мыналар жатады:
- Топқа қатысушылар арасындағы активтер мен міндеттемелер трансфертін қоса алғанда, топішілік операциялардың тәуекелдері
- Капиталды екі рет пайдалану тәуекелі
- Қаржы тобы деңгейінде тәуекелдерді шоғырландыру
- Қаржы нарығының әртүрлі сегменттері (банк, сақтандыру, бағалы қағаздар нарығы) арасында тәуекелдердің таралуы
- Қаржы қызметтерін цифрландыруға байланысты операциялық және технологиялық тәуекелдер
- Топтың жекелеген қатысушыларының қызметі нәтижесінде туындайтын бедел тәуекелдері
Барлық көрсетілген тәуекелдер қаржы секторын реттеу жүйесіне сәйкес бақыланады. Бұл реттеу жүйесі корпоративтік басқаруға, тәуекел-менеджмент және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды қамтиды.
Қаржы нарығының қадағалау инфрақұрылымы
Қазіргі уақытта Қазақстанда қаржы нарығының қадағалау инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте сақтандыру секторы мен бағалы қағаздар нарығы үшін банк секторында қолданылатын ішкі бағалау модельдері әзірленуде. Модельдер енгізілгеннен кейін қаржы конгломераттарына толыққанды шоғырландырылған қадағалауды қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді бағалаудың интеграцияланған жүйесі құрылатын болады.
Алдағы реформалар
Қазақстанның қаржы секторындағы ауқымды заңнамалық реформалар қаржы топтарын реттеу жүйесін дамытуға қосымша серпін береді. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заңның қабылдануы және сақтандыру қызметі мен бағалы қағаздар рыногы туралы заңнаманы жаңарту шоғырландырылған қадағалау тетіктерін одан әрі жетілдіруге негіз болады.
Алдағы уақытта шоғырландырылған қадағалауды дамыту қаржы конгломераттары құрылымының ашықтығын арттыруға, деректерді талдаудың қазіргі заманғы технологияларын енгізуге және ұлттық реттеуді халықаралық қаржылық тұрақтылық стандарттарымен үйлестіруге бағытталатын болады.