2026 жылдың 19 наурызында Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесіне орай «Бақ мерекем, Әз-Наурыз!» қалалық оқушылар айтысы «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясы» қабырғасында тиісті деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Аталған шара «Халықтық ақындар орталығы» мен «Ақ қауырсын» үйірмесінің ұйытқы болуымен жүзеге асты.
Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, бірлік пен татулықтың нышаны. Осы мерекеге орай өткен сөз өнерінің сайысы жас ақындардың суырыпсалмалық қабілетін шыңдап, ұлттық өнеріміз – айтысты насихаттауға бағытталған тағылымды шара болды.
Айтысқа өнер мен әдебиет саласының бірқатар білікті өкілдері төрелік етті.
Әділқазылар алқасының құрамында: Дәмеш Омарбаева – ҚР Мәдениет қайраткері, ұлағатты ұстаз, «Халықтық ақындар орталығының» жетекшісі (алқа төрайымы);
Шолпан Махмұтқызы Нұрғамысова – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, үздік педагог, «Бәтташ Сыдықұлы атындағы Шешендік сөз өнері орталығының» жетекшісі;
Сара Сырымқызы Қалиева – тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері;
Оралбибі Мәмиқызы Рымбосынова – гимназия кітапханасының меңгерушісі;
Тұрдыбек Жүнісұлы – ақын, сазгер, «Әлем халықтары жазушылары одағы» Абай облыстық филиалының төрағасы, мәдениет және өнер саласының үздігі.
Айтыскер ақын Дәмеш Омарбаева жас қатысушыларға сәттілік тілеп, ақжарма тілегін білдірді.
Айтыс барысында оқушылар үш жұп болып сынға түсіп, тапқырлық пен шешендіктің жарқын үлгісін көрсетті. Жас айтыскерлер Наурыз мейрамының мән-маңызын, ұлттық құндылықтарды, ел бірлігі мен қоғамдағы өзекті мәселелерді жырға қосып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әзіл мен ойды ұштастырған мазмұнды айтыстар көркемдігімен ерекшеленді.
Айтыс тізгінін «Ақ қауырсын» үйірмесінің жетекшісі, ұстаз Ерік Қайратбекұлы Омарғалиев ұстады.
Шара барысында ұсынылған концерттік нөмірлер кештің мазмұнын байытып, ұлттық нақышты айшықтай түсті. Атап айтқанда, гимназия өнерпазы Жабаев Батырхан орындаған «Арғымақ» әні көрерменнің көңілін серпілтсе, «Ғасыр үні» ансамблінің жас күйшілері Азамат Асанәлі мен Асқар Баймұрат орындаған «Ер-Тұран» күйі ерекше рух сыйлады.
Кеш соңында Аубакирова Райхан Мырзахметқызы жетекшілік ететін «Өнерге қанат қаққандар» үйірмесінің «Жалын» тобы «Алаш ұраны» әнін әсем орындап, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.
Қорытынды кезеңде қатысушылардың өнері сараланып, үздік шыққан жас айтыскерлер марапатталды.
Жүлдегерлер:
«Бас жүлде» – Асубаев Назар (Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия, 8-сынып)
- «I орын» – Болатұлы Әлихан (№50 мектеп, 9-сынып)
- «II орын» – Сейсен Сара (№45 мектеп, 9-сынып)
- «III орын» – Түсіпова Ажар (№48 мектеп, 7-сынып)
- «III орын» – Ниязбекова Әдемі (№47 мектеп, 9-сынып)
- «Арнайы жүлде» – Кенже Сағынбек (Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия, 7-сынып)
Барлық қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталып, шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсетіліп, «Құнанбай қажы атындағы Алаш аудармашылар одағы» қоғамдық қоры тарапынан қаржылай сыйлықтар табысталды.
Қорытынды сөз сөйлеген Қалиева Сара Сырымқызы айтыстың маңыздылығына тоқталып, жас дарындарға алдағы уақытта да табыс тіледі.
Қорыта айтқанда, «Бақ мерекем, Әз-Наурыз!» айтысы – ұлттық рухты асқақтатқан, жас таланттардың жарқырай көрінген тағылымды өнер додасы ретінде есте қалды.
Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, кеш өз мәресіне жетті.
Асқар Бектұрған, журналист