Астанада қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерін насихаттау және сақтау мақсатында ұйымдастырылған «Күй күмбірі» республикалық акциясы аясында еліміздің 80 педагогы марапатталды. Бұл шара ұлттық мәдениетімізді дамыту және жас ұрпақты рухани құндылықтар негізінде тәрбиелеу жолында айрықша еңбек сіңірген тұлғаларды құрметтеуге бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қарағанды облысынан 12 ұстаз марапатталды
Қарағанды облысынан аталған акцияға қатысқан 12 педагог марапатқа ие болды. Олардың ішінде:
- Екі педагогқа төсбелгі табысталса;
- Қалғандары Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен және алғысымен марапатталды.

Балқаш қалалық балалар өнер мектебі ұстаздары марапатталды
Жалпы республикалық марапаттау рәсімінде Балқаш қалалық балалар өнер мектебінің директоры Гүлжихан Жексембекова Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды. Ал домбыра сыныбының педагогі Айжан Нұрбекова Алғыс хатпен марапатталды.

Гүлжихан Жексембекова марапаттау барысында:
«Бұл марапат біздің ұжым үшін де, өзім үшін де үлкен қуаныш әрі маңызды оқиға болды. Президенттің Алғысын алу — зор мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Ең алдымен, бұл — бүкіл мектебіміздің ортақ еңбегінің нәтижесі. Ұлттық өнер дәстүрлерін сақтап, балаларды домбыраға баулудағы еңбегіміздің мемлекеттік деңгейде бағалануы бізді шынайы қуантады. Бұл алдағы жұмысты жалғастыруға берілген үлкен мотивация деп білемін. Біз халқымыздың мәдени мұрасын жас балқаштықтардың жүрегінде сақтап қалу үшін алдағы уақытта да еңбек ете береміз» деп атап өтті.
Марапаттарды министр табыстады
Қатысушыларға марапаттарды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыстады. Оның айтуынша, бұл шараның мақсаты — ұлттық өнерді ұлықтау және жас ұрпаққа дәстүрлерді дұрыс жеткізу.

«Күй күмбірі» қозғалысының мәні
«Күй күмбірі» қозғалысы ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерді, ұлттық өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Бұл шараның қатысушылары мен ұйымдастырушыларының еңбегі қазақтың музыкалық мұрасын сақтауға және болашақ ұрпаққа жеткізуге айрықша үлес қосып келеді.