АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST World Championship әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғаған астаналық оқушылар елге оралды. Оларды 7 мамыр күні таңертең Астана халықаралық әуежайында ата-аналары, ұстаздары мен жақындары ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әлемдегі STEM және робототехника саласындағы ең ірі жарыстардың бірі саналатын чемпионат 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында өтті.
Қазақстан атынан 12 команда қатысты
Биылғы додаға әлемнің 66 елінен командалар қатысқан. Қазақстан намысын FTC санатында 12 үздік мектеп командасы қорғады.

Олардың қатарында:
- JELTOQSAN;
- FoxSlide;
- Fizmat Robotics командалары болды.
Астаналық команда әлем чемпионатында жеңіске жетті
JELTOQSAN командасы Sustain the World номинациясында бірінші орын иеленді.
Команда мүшесі Ақбар Ермековтің айтуынша, оқушылар жарысқа бірнеше ай бойы дайындалған.
«First Tech Challenge турнирі АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өтті. Біз аға санат бойынша қатысып, төрт күнге созылған жарыс қорытындысында Sustain the World номинациясы бойынша бірінші орын иелендік. Бұл додаға өткен жылдың қыркүйек айынан бастап дайындалдық. Роботты өзіміз жобалап, 3D модельдерін жасап, бағдарламасын әзірледік. Хьюстондағы әлемдік жарысқа Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, жолдама алдық», – деді ол.
Оның айтуынша, команда құрамында 12 оқушы бар және олар робототехникамен шамамен төрт жылдан бері айналысып келеді.
Экологияға арналған робот таныстырылды
Халықаралық жарысқа қатысқан FoxSlide және Fizmat Robotics командалары да жоғары нәтиже көрсеткен.
Команда мүшелері Дамир Күзенбай мен Асқар Наурызбай өз жобалары экология бағытына арналғанын айтты.
«Біз робототехникамен бір жылдан астам уақыттан бері айналысып келеміз. АҚШ-та өткен жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Біз де тыңғылықты дайындалып, өз деңгейімізді көрсете алдық. Байқауға әлемнің 66 мемлекетінен 350 команда қатысты. Біз алдын ала дайындаған роботымызбен өнер көрсеттік. Жобамыз экология бағытына арналды.
Робот қоқыс қалдықтарын өңдеу және археология саласына бейімделген. Осы роботпен бұған дейін де көптеген жарыстарда жеңіске жеттік. Орта Азия чемпионатында топ жарып, АҚШ-тағы халықаралық жарысқа жолдама алдық. Бұл жобаны жасауға шамамен бір жыл уақыт кетті», – деді оқушылар.
Инженерлік білімді насихаттап жүр
Командалар жарыс барысында заманауи технологияларды да қолданған.
Атап айтқанда:
- интерактивті QR-кодтар;
- мультимедиялық шешімдер;
- цифрлық презентациялар пайдаланылған.
Оқушылардың айтуынша, олардың жобалары 4 миллионнан астам аудиторияны қамтыған.
Сонымен қатар командалар мектептер мен балабақшаларда:
- кездесулер;
- тәжірибелік сабақтар;
- презентациялар өткізіп, инженерлік білім мен робототехниканы насихаттаумен айналысқан.