Отан қорғаушылар күніне орай Астанадағы Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «Кестелі орамал» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кеш барысында көрермендерге өткен ғасырдағы халық тарихы, соғыс жылдарындағы рухани беріктік пен бейбіт өмірдің қадірі музыка мен сахналық қойылым арқылы ұсынылды.

Концерттің басты ерекшелігі
Мерекелік кештің ерекшелігі – барлық шығарманың мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек жетекшілік ететін «Қорқыт» этно-ансамблінің жанды сүйемелдеуімен орындалуы болды.

Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының үні соғыс жылдарындағы танымал әндермен үйлесіп, көпшілікке жақсы таныс шығармаларды жаңа қырынан сезінуге мүмкіндік берді.
Соғыс жылдарындағы әндер шырқалды
Концерт бағдарламасына соғыс кезеңіндегі және кеңестік дәуірдегі танымал шығармалар енді. Атап айтқанда:
- «Батыр Бауыржан»,
- «Жас қазақ»,
- «Ана туралы баллада»,
- «Әлия»,
- «Синий платочек»,
- Қазақ тіліндегі «Катюша»,
- «Смуглянка»,
- «Темная ночь»,
- «Журавли».
Көрермендер әндер арқылы майдан жылдарындағы адамдардың тағдырын, сағынышын және үмітін сезінді.

Сахнада танымал өнер иелері өнер көрсетті
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері:
- Светлана Айтбаева,
- Естай Мұқашев,
- Гүлнұр Оразымбетова,
- Арайлым Рахымқызы қатысты.
Сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары:
- Айдын Жұмабаев,
- Парасат Отан,
- Диана Маева,
- Қымбат Жамбылбек,
«Дарын» сыйлығының лауреаттары:
- Мұратбек Хайролда,
- Ақбота Құснадин,
және «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы Құралай Мейрамбек өнер көрсетті.
«Бұл әндерде халықтың сағынышы бар»
Бағдарламаның идеялық жетекшісі, филармонияның эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Дана Сатаева концерттің тарихи әрі тағылымды кешке айналғанын айтты. Оның сөзінше, концерт атауы соғыс жылдары жазылған композитор Мұқан Төлебаевтың шығармасынан алынған.
«Кештің атауына айналған «Кестелі орамал» әні майданға аттанған жауынгерлердің отбасымен ұзақ уақыт хабарсыз қалған кезеңін бейнелейді. Олар хат жазып, оның жақындарына жететін-жетпейтінін білмесе де, әр жолына сағыныш пен жүрек жылуын сыйлады. Осы екі сөздің өзінде үлкен нәзіктік пен махаббат жатыр. Сондықтан мұндай әндерді жастар білуі және есте сақтауы керек.
Өйткені бұл туындыларда бейбіт аспан үшін өмірін қиған жандардың рухы сақталған», – деді Дана Сатаева.
Дәстүрлі концертке айналған жоба
Елордадағы филармония бұл концертті жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кештердің басты мақсаты – тарихи жадыны сақтау, жас ұрпаққа бейбіт өмірдің құнын өнер арқылы жеткізу.