Астанада Жеңістің 81 жылдығына орай Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасын көрермен назарына қайта ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қойылым Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерлік, ар-намыс, отансүйгіштік тақырыптарын арқау етеді. Спектакльде Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмір жолы мен қайраткерлік тұлғасы сахналық тілде бейнеленген.

Бауыржан Момышұлының тұлғасы сахнада
Театр ұжымы тарихи туынды арқылы батырдың жауынгерлік рухын, әділет пен адамгершілікке деген ұстанымын көрсетуге мән берген.


Қойылымда:
- Бауыржан Момышұлының балалық шағы;
- соғыс кезіндегі ерліктері;
- өмірлік қағидалары;
- қайсар мінезі мен рухани болмысы қамтылған.
Спектакль көрерменге тарихи оқиғаларды терең сезінуге мүмкіндік берген.


Қойылымға танымал театр өкілдері қатысты
Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жұлдызбек Жұманбай. Туынды авторы – Бақытбек Қадыр.


Бауыржан Момышұлының соғыс жылдарындағы образын актер Әмірхан Оразбақ сомдаса, батырдың зейнеткерлік шағын Мәдениет саласының үздігі Айбол Шәкіржанов бейнеледі.

Көрермен жылы қабылдады
Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының ұйымдастыру бөлімінің менеджері Нұрғабдин Бибісараның айтуынша, қойылым көрермен тарапынан жоғары бағаланған.
«Бұл іс-шара Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ұйымдастырылды. «Ар адамы. Бауыржан» атты спектакль ерекше сахналанды.
Көрермендер де дән риза болды. Қоюшы режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері – Жұлдызбек Жұманбай, авторы – Бақытбек Қадыр. Бауыржан Момышұлының соғыс кезіндегі бейнесін дарынды актер – Әмірхан Оразбақ, ал зейнеткерлік шағын Мәдениет саласының үздігі Айбол Шәкіржанов сомдады. Биыл екінші рет сахналанып отыр.
Аңыз адам, батыр Бауыржан Момышұлының балалық шағы, соғыстағы ерліктері, өмірлік ұстанымы көрсетілді», – деді ол.