Қазақстанда AI мен блокчейнге арналған жылдың ең ірі хакатоны өтті

1144
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Astana Hub

Биылғы Decentrathon екі негізгі бағыт бойынша өтті — AI және Blockchain.

Блокчейн бағыты Solana National Hackathon powered by Decentrathon аясында ұйымдастырылып, оның жүлде қоры 20 мың АҚШ долларын құрады. Серіктес ретінде Superteam KZ қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қатысушылар екі негізгі трек бойынша жұмыс істеді: нақты активтерді токенизациялау және AI мен блокчейнді біріктіретін автономды смарт-келісімшарттар жасау.

Бірінші бағытта командалар жылжымайтын мүлік, цифрлық меншік және активтерді басқару секілді салаларға арналған жаңа технологиялық модельдер ұсынды. Ал екінші тректе жасанды интеллект пен блокчейннің тоғысқан тұстары зерттеліп, адам араласуынсыз жұмыс істейтін смарт жүйелердің прототиптері әзірленді.

Superteam KZ жетекшісі Талғат Досановтың айтуынша, мұндай жобалар өңірдегі технологиялық экожүйенің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

«Decentrathon 5.0 өңірлік технологиялық экожүйенің жетілгенін көрсетіп отыр. Біз блокчейнді қолданудың нақты сценарийлеріне қызығушылықтың артып келе жатқанын байқаймыз — бұл тек токенизация ғана емес, сонымен қатар AI-мен интеграция. Superteam KZ үшін мұндай бастамалар жаһандық деңгейде жұмыс істей алатын мықты әзірлеушілер қауымын қалыптастырады, және біз олардың Solana экожүйесінде дамуын қолдауды жалғастырамыз», – деді ол.

inDrive қатысушыларға нақты міндеттер ұсынды

AI бағытының негізгі серіктесі inDrive болды. Компания қатысушыларға тек теориялық емес, нақты өмірде қолдануға болатын тапсырмалар дайындаған.

Бірінші трек inVision U университетіне студенттерді іріктеуге арналған AI/Data-driven шешім әзірлеуге бағытталды. Қатысушылар талапкерлердің өтінімдерін сараптап, үздік кандидаттарды анықтайтын интеллектуалды жүйелер жасауға тырысты.

Ал екінші трек мемлекеттік сектордағы мәселелерді AI арқылы шешуге арналды. Командалар мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, деректерді талдау және процестерді автоматтандыру бойынша жобалар әзірледі.

inDrive техникалық директоры Юрий Мисник қатысушылардың идеяларға ерекше жауапкершілікпен қарағанын айтты.

«Decentrathon біз көргіміз келген нәрсені көрсетті: қатысушылар тапсырмаларға тек технологиялық жаттығу ретінде емес, нақты өнім ретінде қарады. Командалар идеяға AI-ды жай ғана қосумен шектелмей, сенімділік пен ашықтық сияқты мәселелерді ойлады. Финалда ең мықты жобалар арасындағы айырмашылық өте аз болды, бұл деңгейдің жоғары екенін көрсетеді. inDrive үшін ең маңыздысы хакатон презентациямен аяқталмады: үздік шешімдерді біз нақты пилоттық жобаларға айналдыру мүмкіндігі ретінде қарастырып отырмыз», – деді ол.

Жеңімпаздар кімдер болды

AI бағыты бойынша inDrive трегінде LA, Казачи Капай, Core 2 Duo, Specimen AI, DataNomads және AInsomnia командалары үздік атанды. Олар Астана, Алматы және Өскемен қалаларынан қатысты.

alem.plus трегінде Butaq, INSPIRO және Level up map командалары жеңіске жетті.

Ал Solana National Hackathon powered by Decentrathon жеңімпаздары қатарында Node Runners, Cryptonite, Zerde, Claude Opus, alem жив және EVEREST командалары бар. Олар Астана, Алматы, Петропавл, Ақтау және Павлодар қалаларынан қатысты.

Decentrathon енді жай хакатон емес

Соңғы бірнеше жылда Decentrathon аймақтық IT жарыстан мыңдаған адамды біріктіретін ұлттық технологиялық платформаға айналды. Мұнда жас бағдарламашылар, стартаптар, халықаралық компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар бір алаңда бас қосады.

Biылғы хакатон тағы бір маңызды нәрсені көрсетті: Қазақстан мен Орталық Азияда AI мен блокчейнге қызығушылық бұрынғыдан да күшейген. Ең бастысы — қатысушылар енді жай идея ұсынбайды. Олар нақты өнім жасап, оны болашақта бизнеске немесе мемлекеттік секторға енгізуге дайын.

Decentrathon 5.0 дәл осы өзгерістің айқын көрінісіне айналды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -