2026 жылғы 16 мамырда Түркістан қаласында жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жобасының салтанатты іске қосу рәсімі өтті. Қазақстан осылайша өңірде жасанды жаңбыр технологияларын тәжірибелік тұрғыда қолдануға көшкен алғашқы ел атанды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жобаны толық ауқымда іске асыру 17 мамырдан басталады.
Жоба не үшін қажет
Бастама су қоймаларын толықтыруға және елдің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы алқаптарын су ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Мамандардың айтуынша, технология Түркістан облысындағы 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге әсер етіп отырған құрғақшылық пен су тапшылығының салдарын азайтуға көмектеседі.
Жоба халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр. Серіктес ретінде 1980-жылдардың соңынан бері ауа райын модификациялау технологияларын қолданып келе жатқан БАӘ Ұлттық метеорология орталығы қатысуда.

Рәсімге кімдер қатысты
Салтанатты іс-шараға:
- ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев
- БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Ахмед Әл-Мандус
- БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммад Саид Мұхаммад Әл-Арики
- Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты
Жаслан Мәдиев не айтты
Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев бұл жобаны Қазақстанның климаттық тұрақтылық бағытындағы маңызды қадамы деп атады.

«Казахстан климаттық орнықтылықтың жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталған практикалық қадам жасауда. Өңірде алғаш рет жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологиялары саласында мұндай ауқымды жоба іске қосылып жатыр. Біз үшін бұл — ғылымға, халықаралық серіктестікке және цифрлық технологияларға негізделген заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастырудың бастауы. Жоба әлемдік жетекші сарапшылармен бірлесе жүзеге асырылуда және технологиялар трансфері мен қазақстандық мамандарды даярлаудың негізін қалайды»
Жасанды жаңбыр технологиясы қалай жұмыс істейді
Халықаралық бағалауларға сәйкес, мұндай технологиялар табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін 10–20 пайызға дейін арттыра алады.
Бүгінде бұл тәжірибе:
- Қытайда
- АҚШ-та
- БАӘ-де
- Францияда
- Сауд Арабиясында кеңінен қолданылады
Жоба ең алдымен су тапшылығы қатты сезілетін ауыл шаруашылығы аймақтарында іске асырылады.
Аймақтарды таңдау кезінде:
- ауа райы жағдайы
- экологиялық ахуал
- суға қажеттілік деңгейі ескеріледі
Мамандар технологияның әсер ету аумағы жергілікті сипатқа ие екенін атап өтті. Оның радиусы 5 шақырымнан аспайды және ірі климаттық өзгерістерге әсер етпейді.
Жұмыстар барысында халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады.

Қазақстан қандай нәтиже күтеді
Жобаны іске асыру:
- ауыл шаруашылығын сумен қамтуды жақсартуға
- құрғақшылықтан келетін шығынды азайтуға
- өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде
Алдын ала бағалау бойынша, жобаның әлеуетті экономикалық тиімділігі жылына 35 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Қазақстандық мамандар оқытылып жатыр
Ынтымақтастық аясында БАӘ Ұлттық метеорология орталығы Түркістан облысының мамандарын арнайы оқытып жатыр.
Олардың қатарында:
- метеорологтар
- ұшқыштар
- инженерлер
- салалық мамандар бар
Сонымен қатар технологияны болашақта Қазақстанның басқа өңірлерінде енгізу мүмкіндігі де қарастырылуда.

Жобаға қандай ведомстволар қатысып жатыр
Жобаны іске асыруға бірнеше мемлекеттік орган тартылған.
Олардың қатарында:
- Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
- Су ресурстары және ирригация министрлігі
- Сыртқы істер министрлігі
- Мәдениет және ақпарат министрлігі
- Қорғаныс министрлігі
- Ауыл шаруашылығы министрлігі
- Көлік министрлігі
- Қаржы министрлігі
- Экология және табиғи ресурстар министрлігі
- Энергетика министрлігі
- ТЖМ
- Түркістан облысының әкімдігі
- Азаматтық авиация комитеті
- Казаэронавигация
- Қазгидромет бар