23 мамыр күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне қарасты Айрықша мақсаттағы күштер әскери бөлімдерінде 2026 жылғы көктемгі шақырылым сарбаздарының Әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл күн жүздеген жас үшін жай ғана әскери дәстүр емес, өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы болды.
Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументі маңындағы алаңда «Айбын» президенттік полкінің жас сарбаздары ант қабылдаса, Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында дәл осындай салтанатты рәсім «Батыр» президенттік полкінде өтті. Алаңға жиналған ата-аналар мен туыстар үшін бұл — мақтанышқа толы сәт. Ал сарбаздардың өзі үшін — үлкен жауапкершілік.
Президент полкіне кез келген адам алынбайды
Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылатын жастар Қазақстанның барлық өңірінен арнайы іріктеуден өтеді. Мұнда тек денсаулығы мықты, тәртібі жоғары, психологиялық дайындығы жақсы азаматтар қабылданады.
Талап та оңай емес: үміткердің жасы 18 бен 27 аралығында болуы керек, бойы кемінде 180 сантиметрден жоғары және 195 сантиметрден аспауы тиіс. Орта немесе жоғары білімі болуы міндетті. Ал спорттық жетістігі бар, жоғары білім алған жастарға басымдық беріледі.
Себебі бұл сарбаздар елдегі ең жауапты міндеттердің бірін атқарады.
Олар нақты қандай міндет орындайды?
Әскери ант қабылдағаннан кейін жас сарбаздар Мемлекеттік күзет қызметінің күнделікті жұмысына кіріседі. Олардың арасында:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы эталондарын күзету;
Президент қатысатын ресми протоколдық іс-шараларға қатысу;
күзетілетін тұлғалар мен стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты міндеттер бар.
Көпшілік теледидардан көретін салтанатты рәсімдердің ар жағында үлкен дайындық пен темірдей тәртіп жатқанын бәрі біле бермейді. Президент полктеріндегі қызмет — тек сапта тұру емес. Мұнда физикалық дайындықпен қатар, арнайы әскери машықтар, төтенше жағдайда әрекет ету, қарумен жұмыс істеу, қауіпсіздік тактикасы үйретіледі.
Антқа дейін сарбаздар қандай дайындықтан өтеді?
Көктемгі шақырылыммен келген жас сарбаздар бірден қызметке кіріспейді. Алдымен олар әскери бөлімдердің далалық оқу орталықтарында арнайы дайындықтан өтеді.
Бұл кезеңде жас жауынгерлер әскери тәртіпке бейімделіп, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарына қатысады. Тәжірибелі нұсқаушылар оларға әскери істің негізгі қағидаларын үйретеді.
Әскери ант — осы дайындықтың алғашқы үлкен сынағы іспетті.
Неге жастар бұл қызметті таңдайды?
Соңғы жылдары Мемлекеттік күзет қызметіндегі мерзімді әскери қызмет жастар арасында беделді бағыттардың біріне айналып келеді. Себебі мұнда тек әскери тәжірибе ғана емес, болашақ мансапқа мүмкіндік те бар.
Қызметті аяқтаған соң сарбаздар келісімшарт негізінде әскери мансабын жалғастыра алады. Кейін арнайы мемлекеттік орган қызметкері немесе офицер атану мүмкіндігі беріледі.
Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызмет өткерген жастарға мемлекет бекіткен әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Оның ішінде жастар арасында танымал бола бастаған “Срочники 2.0” бағдарламасы да бар.
Ата-аналар үшін де ерекше күн
Ант қабылдау рәсімінде ерекше толқығандар — ата-аналар. Көпшілігі үшін бұл сәт баласының есейіп, ел алдындағы жауапкершілікті мойнына алғанын сезінетін маңызды күн болды.
Әскери форма киген ұлдарын көріп көз жасына ерік берген аналар да, мақтанышпен суретке түсіріп жүрген әкелер де аз болмады.
Әскери ант — бірнеше минутқа ғана созылатын рәсім. Бірақ сол сәттен бастап жас сарбаздың өмірінде жаңа тәртіп, жаңа талап және жаңа жауапкершілік басталады.
«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.