Қазақстан картасында әлі толық қалыптасып үлгермеген жаңа қалаға қатысты амбиция бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеп, бұл жобаның жай ғана жаңа әкімшілік орталық емес, ел экономикасын өзгертетін стратегиялық алаң екенін мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет басшысы Алатауды бизнес, инновация, цифрлық технологиялар және халықаралық инвестициялар шоғырланатын жаңа орталық ретінде көретінін ашық айтты. Бірақ Президенттің сөзіндегі ең көп талқыланатын мәлімдеме басқа болды.
«Бұл орайда Алатау әлемнің осы бөлігіндегі тұңғыш криптоқала ретінде маңызды рөл атқарады», – деді Тоқаев.
Алатау неге ерекше болады?
Екі жыл бұрын қабылданған шешімнің нәтижесінде Алатау қаласы Қазақстандағы ерекше құқықтық режимге ие алғашқы ірі урбанистикалық жобалардың біріне айналды.
Президенттің айтуынша, қалаға инвестиция тарту үшін арнайы заң қабылданып, салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бизнес үшін реттеу тетіктері жеңілдетіліп, цифрлық активтерді дамытуға жағдай жасалмақ.
Бүгінде Алатау ресми түрде ерекше құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» ретінде қалыптасып келеді.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай жобалар бұрын да болған. Президент мысал ретінде Дубай, Шэньчжэнь және Инчхонды атады. Бұл қалалар ондаған жыл ішінде экономикалық серпілістің символына айналды.
Қазақстан да дәл осындай тәжірибені қайталауға ниетті.
Қазақстан алғашқы криптоқаланы құруға кірісті
Тоқаевтың сөзіндегі ең маңызды бағыттардың бірі – цифрлық қаржы экожүйесі.
Президенттің пікірінше, Алатау цифрлық активтерді дамыту мен жаңа қаржы архитектурасын қалыптастырудың негізгі алаңына айналуы тиіс.
Мұнда криптоактивтердің құқықтық мәртебесі нақтыланып, цифрлық теңге негізгі құралдардың біріне айналады. Сонымен қатар цифрлық активтер операцияларына қатысты арнайы жағдайлар қарастырылмақ.
«Экономиканың нақты секторларын, соның ішінде жылжымайтын мүлікті, инфрақұрылым нысандарын, шикізат активтерін токенизациялау жобасын жүзеге асыруды жеделдеткен жөн», – деді Президент.
Сарапшылардың пікірінше, егер бұл бастама толық іске асса, Қазақстан Орталық Азиядағы цифрлық қаржы орталығына айналуға мүмкіндік алады.
Инвесторларға не ұсынылады?
Президент инвесторлардың жылдап күтпейтінін ерекше атап өтті.
«Халықаралық инвесторлар қолайлы жағдай жасайды деп, жылдар бойы күтіп отырмайды. Олар қай жерде мол мүмкіндік болса, соған сай бірден шұғыл шешім қабылдайды», – деді Тоқаев.
Осыған байланысты Алатауда «бір терезе» қағидаты енгізіліп, шетелдік капиталды қорғау жүйесі күшейтіледі.
Қазірдің өзінде қала бойынша жалпы құны шамамен 2 триллион теңгеге жуық 50-ден астам инвестициялық жоба қарастырылып отыр. Бұл бастамалар 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Басым бағыттар қатарында:
- IT және жасанды интеллект;
- өнеркәсіп;
- көлік және логистика;
- туризм;
- медицина;
- білім беру салалары бар.
Президент инфрақұрылым мәселесін сынға алды
Алайда кеңесте тек жоспарлар ғана емес, нақты проблемалар да көтерілді.
Тоқаев Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысының баяу жүріп жатқанын ашық айтты.
«Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде», – деді Президент.
Сонымен қатар Алатауға қосылған елді мекендерде электр қуатының жиі өшуі, сапалы жолдардың, орталықтандырылған судың және тұрақты интернеттің жоқтығы сынға алынды.
Президент мұндай жағдайда «ақылды қала» құру идеясы мен шынайы жағдай арасында үлкен алшақтық бар екенін ескертті.
2050 жылы Алатауда 2 миллион адам тұруы мүмкін
Бас жоспар бойынша, 2050 жылға қарай Алатау халқының саны екі миллионнан асуы ықтимал.
Сол себепті қала тек бизнес орталығы емес, білім беру, ғылым және туризм хабы ретінде де дамытылады.
Жоспарға сәйкес:
- Golden District халықаралық білім және ғылым орталығына айналады;
- Green District ірі туристік кластер болады;
- Қапшағай су қоймасы маңында жыл бойы жұмыс істейтін демалыс индустриясы қалыптасады.
Президент жазғы туризммен шектелмей, қысқы спорт пен төрт маусымдық демалыс инфрақұрылымын дамыту қажеттігін айтты.
Алматыға түсетін жүктеме азая ма?
Алатаудың тағы бір маңызды миссиясы – Алматы агломерациясының жүктемесін төмендету.
Қазір күн сайын Алматыға облыстан шамамен 400 мың автокөлік кіріп-шығады.
Осыған байланысты Президент Алматы мен Алатауды байланыстыратын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамытуды тапсырды. Сонымен қатар биыл 1 тамызға дейін Skytrain желісін салу мәселесін пысықтау міндеті қойылды.
Егер бұл жоспарлар жүзеге асса, жаңа қала Алматының серіктес экономикалық орталығына айналуы мүмкін.
Алатау – жай қала емес
Президент сөзінің қорытындысында бұл жобаның маңызын тағы бір мәрте атап өтті.
«Шын мәнінде, Alatau city жобасын жүзеге асыру – тұрмыс сапасы және іскерлік ортасы ең жоғары әлемдік талаптарға сай келетін озық қала салу деген сөз», – деді Тоқаев.
Алатау бүгінде құрылыс алаңы ғана болуы мүмкін. Бірақ билік жоспары орындалса, алдағы онжылдықтарда дәл осы қала Қазақстанның технологиялық, қаржылық және инвестициялық жаңа бет-бейнесін қалыптастыруы ықтимал.





