ЖИ-ден нақты нәтиже талап етілді. Қазақстанда пилоттық кезеңнен сәтті өткен жасанды интеллект жобаларын өндірісте коммерциялық қолдануға шығару жеделдетілмек, деп хабарлайды DKNews.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында өнеркәсіпті терең цифрлық трансформациялау мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы технологияны жекелеген операцияларды автоматтандыру құралы ретінде емес, бүкіл өндіріс тізбегін өзгертетін тетік ретінде пайдалануды ұсынды.

Өнеркәсіп өндірісі 46 трлн теңгеге жуықтады
2026 жылдың сегіз айында Қазақстандағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 46 трлн теңгеге жуықтады. Өңдеу өнеркәсібі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға өсті.
Тоқаевтың айтуынша, жоғары экономикалық өсімді сақтау үшін енді еңбек өнімділігін арттыру, өнеркәсіп базасын жаңғырту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейту қажет. Осы міндеттердің бірі жасанды интеллектіге жүктеліп отыр.

«Биылғы сегіз айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 46 триллион теңгеге жуықтады. Өңдеу өнеркәсібі былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 8,4 пайызға өсті. Дегенмен экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін еңбек өнімділігін арттырып, өнеркәсіп базасын жаңғыртуға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге мән беру қажет. Бұл мақсатқа жетуде жасанды интеллектінің атқаратын рөлі айрықша. ЖИ-дің шынайы құндылығы сол – адам әлеуетін күшейтеді. Яғни ЖИ инженерлерге нақты қадамдар жасауға, жұмыс тиімділігін ұлғайтуға, басшылыққа қажет кезінде дереу талдау деректеріне сүйеніп, жедел әрі дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптегі саясатымыз осы қағидатқа негізделген», — деді Мемлекет басшысы.
2029 жылға дейінгі Digital Kazakhstan стратегиясы аясында елде нақты экономикалық нәтиже беруге бағытталған жасанды интеллектінің ұлттық кешенді экожүйесі қалыптастырылып жатыр.
«Мұндай тәсіл өзін өзі ақтамайды»
Президент кәсіпорындардағы қазіргі цифрландырудың басты әлсіз тұсын да атады.

Көптеген өндірісте жекелеген операциялар автоматтандырылғанымен, жалпы өндіріс моделі өзгермей қалған. Тоқаев мұндай тәсілді қайта қарау қажеттігін айтты.
«Бізге жасанды интеллектіні пайдалана отырып, өндірістік үдерістерді кешенді түрде трансформациялау қажет. Қазіргі кезде көптеген кәсіпорында цифрландыру жұмыстары шашыраңқы жүргізіліп жатыр. Жекелеген операцияларды автоматтандырып, жаңа қызметтерді енгізгенімізге қарамастан, өндіріс моделі көп жағдайда өзгеріссіз қалады. Мұндай тәсіл өзін өзі ақтамайды. Кәсіпорындар бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарап, қай тұста ЖИ көмегімен тиімділікті барынша арттыруға болатынын айқындауы керек. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-үдерістері жасанды интеллект арқылы жан-жақты трансформацияға ұшырайтын кәсіпорындарды анықтағаны жөн. Жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей кірігуге тиіс. Анағұрлым сәтті модельдерді бүкіл ел аумағында таратуға болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Яғни Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына нақты кәсіпорындарды таңдап, олардың негізгі бизнес-үдерістерін ЖИ негізінде кешенді түрде өзгерту міндеті қойылды.
Сәтті модельдер кейін басқа өндірістерге таратылуы тиіс.

Пилоттық ЖИ жобалары неге өндіріске жетпей қалады
Президент көтерген ең нақты мәселелердің бірі — пилоттық жобаларды коммерцияландыру.
Қазақстанда бірқатар технологиялық шешімдер сынақтан сәтті өтеді. Бірақ содан кейін олар қосымша келісулерге, қайталама сынақтарға, күрделі сатып алу рәсімдеріне және заңнамалық шектеулерге тап болады.
«Көптеген перспективті шешімдер пилоттық жоба сатысынан сәтті өткенімен, қосымша келісулер, қайталама сынақтар, күрделі сатып алу үдерістері мен заңнамалық шектеулер салдарынан аяқсыз қалады. Бұл кәсіпорындардың пайда табуына және әзірлеушілердің нарықта жол табуына кедергі келтіреді. Тиімді тәсілдерді коммерцияландырудың айқын тетігі болуы керек. Оны өндірістік жағдайы ұқсас кәсіпорындарда қайта сынақтан өткізудің қажеті жоқ. Ұтымды отандық шешімдерге де баса назар аударған дұрыс. Үкіметке табысты пилоттық жобаларды тез арада коммерцияландыру және кеңінен тарату жолдарын қарастыруды ұсынамын. Экономикалық тұрғыдан пайдалы шешімдерді іске асыруда артық кедергілерден арылған абзал», — деді Мемлекет басшысы.
Бұл тапсырма іске асса, технология тиімділігін бір кәсіпорында дәлелдеген әзірлеуші өндірістік жағдайы ұқсас басқа нысанда барлық сынақ циклін қайта бастамауы мүмкін.
Басымдықтың бірі отандық әрі тиімділігі дәлелденген шешімдерге беріледі.

Инженерлер ғалымдарға нақты міндет қояды
Өнеркәсіптік ЖИ-ді дамытуда ғылым мен өндірістің арасындағы байланыс та өзгермек.
Тоқаев Qazaq AI Research University тек маман дайындайтын оқу орны емес, қолданбалы зерттеулер жүргізетін жетекші орталықтардың бірі болуы керек екенін айтты.
Бұл ретте зерттеу тақырыптарын кабинетте емес, өндірістің өзінде қалыптастыру ұсынылды. Кәсіпорындағы шығынды, жабдықтың тоқтап қалуын, ақаулар мен тәуекелдерді күнделікті көретін инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлар негізгі міндеттерді анықтауы тиіс.
Осы міндеттер:
-
Qazaq AI Research University үшін;
-
басқа университеттер үшін;
-
ғылыми-зерттеу институттары үшін;
-
технологиялық компаниялар мен стартаптар үшін нақты зерттеу бағытына айналмақ.
Үкімет ұлттық компаниялармен және жеке бизнеспен бірлесіп, өнеркәсіптегі өзекті ЖИ-міндеттерді анықтау және тұрақты жаңарту тәртібін әзірлеуге тиіс.

DeepTech жобаларына өндірістің өзі ашылады
Президент өндірістік DeepTech жобаларын дамыту үшін ғалымдар, технологиялық компаниялар мен стартаптарды бір командаға біріктіруді ұсынды.
AI Challenge механизмін пайдаланып, мұндай жобаларға цифрлық көшпелілер мен талантты жастарды тарту көзделеді.
Командаларға деректер, есептеу ресурстары және өндірістік инфрақұрылым қолжетімді болуы тиіс. Ал әзірленген шешімдер зертхана жағдайында емес, нақты өндірісте тексеріледі.
Бастапқы кезеңде технологиялық тәуекел жоғары әрі коммерциялық тиімділік әлі дәлелденбегендіктен, Үкімет тәуекелдерді төмендетуге және жеке капитал тартуға жағдай жасауға тиіс. Кейін перспективті жобалар нарықтық негізде дамытылмақ.
AI-Sana бағдарламасы да осы модельге қосылады: жастар теориялық тапсырмамен емес, нақты кәсіпорындардың технологиялық мәселелерімен жұмыс істеуге тиіс.
Өнеркәсіптік деректер бір жүйеге келтіріледі
Жасанды интеллектіні кеңінен енгізудің тағы бір кедергісі — деректер.
Қазақстандық кәсіпорындарда өндірістік мәлімет көп болғанымен, олардың сапасы әркелкі, жүйелері бір-бірімен байланыспайды және ақпараттың едәуір бөлігі ЖИ модельдеріне тікелей пайдалануға жарамайды.
Сондықтан Үкімет пен бизнес салалық өндірістік мәліметтер базасын қалыптастырудың ортақ тәсілдерін әзірлемек.
Отандық зерттеушілер мен әзірлеушілер қажетті ақпаратқа қол жеткізуі керек. Бірақ коммерциялық құпия, стратегиялық ақпарат пен аса маңызды деректер қорғалуға тиіс.

Келесі бағыт — көлік пен логистика
Өнеркәсіптен кейін жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізу жұмысы көлік-логистика секторына ауысады.
Тоқаев Кеңестің келесі отырысын осы тақырыпқа арнауды ұсынды.
Президенттің пікірінше, көлік пен логистиканы ЖИ арқылы жаңғырту саланың тиімділігін арттырып қана қоймай, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін күшейтуі мүмкін.
Бұл ретте өнеркәсіптік трансформация үшін қолданылатын тәсіл — нақты міндетті анықтау, технологияны сынау, экономикалық тиімділікті өлшеу және табысты шешімді масштабтау — басқа стратегиялық секторларға да таралуы ықтимал.
Тоқаев «Вашингтон моделін» БҰҰ деңгейіне шығаруды ұсынды
Кеңес отырысында ішкі өнеркәсіптік міндеттермен қатар ЖИ қауіпсіздігіне қатысты халықаралық мәселе де көтерілді.
Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың басшылары қол қойған жасанды интеллектінің озық технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту туралы ерікті келісімге назар аударды.
«Дер кезінде көтерілген осы маңызды бастаманы құптаймын. Жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер ешқандай шекараға бағынбайтынын бәрі түсінеді. Сондықтан мемлекеттер мен бизнес қауымдастық тарапынан үйлесімді әрекет қажет. Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделеген соң мүдделі мемлекеттер жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыруына болады. «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық деп ойлаймын. Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайды. Осы орайда, аталған мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына аламыз. Кеңес іс жүзінде маңызды екенін көрсетті. Сондықтан Кеңес мүшелерінен қысқа мерзім ішінде Қазақстанның осы салаға қатысты халықаралық бастамасына нақты ұсыныс беруді сұраймын. Ортақ ұстаным биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады», — деді Мемлекет басшысы.
Осылайша, Қазақстандағы ЖИ саясатының келесі кезеңінде технология саны емес, оның нақты өндірістік нәтижесі алдыңғы орынға шығып отыр: шешім шығынды азайтып, өнімділікті арттырып, экономикалық тиімділігін дәлелдей алса, оны пилоттық режимде қалдырмай, кеңінен енгізу көзделеді.
Кеше біз Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту кезінде қауіпсіздік пен технологиялық еркіндік арасындағы теңгерімге қатысты жаңа талаптарын жазған едік. Енді бұл бағыт өнеркәсіпке көшіп, басты өлшем ретінде ЖИ шешімдерінің нақты экономикалық пайдасы белгіленіп отыр.