Мен үшін рәміздеріміздің сұлбасы бейнеленген әрбір зат құрметке лайық. Өйткені, рәміздер – шын мәнінде мемлекеттің төлқұжаты.
Сондықтан, жастар қауымы, барша бұқара қауым, соның ішінде өскелең ұрпақ арасында насихаттап, дәріптеудің маңызы зор. Айшықты рәміздеріміз еліміздің әрбір азаматын отансүйгіштікке, адамгершілікке, халқына адал қызмет етуге, туған жерді қастерлеуге, халқымыздың тарихын, тегін құрметтей білуге шақыратындай. Туған ел, туған жер атты киелі ұғымдарды қастерлеу - әрбір қазақстандық үшін төл мемлекеттік рәміздерді құрмет тұту, қажет болған жағдайда қорғау парыз. Мен Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның әскери бөліміне Павлодар қаласынан шақырылдым. Менің туған ағам «Газель» маркалы автокөлікті тізгіндейді. Өңірдегі аудандарға түрлі тауарларды жеткізумен айналысатын ағам бір күні көлігінің жүксалғышын алмастырды. Қалай алмастырды дейсіз ғой? Анығын айтқанда, едәуір жүк салуға болатын бойшаң әрі ұзынырақ келген жүк салғыш қондырды. Жүк салғышы үлкен болған соң оның есігін де ауыстыру қажет болды. Бұл уақытта көлік жөндеу орталығы есікке түрлі суреттерді жабыстырып, безендіруге болатындығын айтты. Біреу арыстанның, біреу сұлу қыздың суретін бейнелеп қояды деп өз кеңестерін де беріпті Есігінің мұқабасына қандай сурет қойсам болады деп ағамның ойы сан-саққа жүгірді. Ақыры, үйге келіп, көк туымның суретін қоямын деп шешіпті. Мен ағамның бұл шешіміне о басында іштей қарсы болдым. Бірақ ескі газелін қыздың жиған жүгіндей жып-жинақы ұстайтын тазалығын есіме түсірдім. Шынымен де, көк туды алып жүк салғышының артына жабыстырған ағам көлігіне қылау түсірмеді. Тіпті, сәуір айында ерігіне қар суын кешіп өтсе де, дереу көлік жуатын нысанға барып, айнадай етіп жүк көлігін таза ұстады. Мен де лайсаң уақыттағы көлік арасында тұрған ағамның жүк көлігінің мұнтаздай тап-таза болып, жарқырап тұрғанын көріп масаттанатынмын. Әсіресе, көк туымыз еңселі көлікті одан сайын тұлғаландыра түскендей. Ағамның ел рәмізіне деген құрметі менің де көк байраққа деген сый-құрметімді одан сайын арттырды.
Ұлттық ұлан сапында Өскемен қаласында өтетін түрлі іс-шаралардың қауіпсізідігін қамтамасыз етеміз. Кейбір атаулы күндерге арналған іс-шараларды әнұранымыз ойналғанда шынымен тәуелсіз елдің азт азаматы екеніңді сезінесің. Мемлекеттік рәміздер – егемендік пен тәуелсіздіктің, халықтың бірлігі іспеттес. Осылайша, өз елімізде өз мемлекеттік рәміздерімізді еншілеу Тәуелсіз Қазақстанның қаз басып, қалыптасуында аса маңызды қадамдардың бірі деп санаймын. Қыран бейнелі көк байрағымызды қызғыш құстай қорып, қорғаны болу мерзімді әскери қызметім аяқталған соң да менің Отан алдындағы борышым деп санаймын. Дүниеде тату-тәтті тіршілікке, ынтымаққа жетер ештеңе де жоқ рәуіштес. Өйткені, достық туын жоғары көтере білген халық ғана мемлекетінің өркендеуіне орасан еңбек сіңіріп келеді. Мұндай жетістіктерге халық пен мемлекеттік билік бірлігінің және де болашақтағы даңғыл жолымызды айқындар адастырмас темірқазығымыз саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің арқасы деп айтсақ артық болмас. Татулық пен бейбітшіліктің мекені болып табылатын кең байтақ елімізде жүздеген ұлттар тұрады. Бүгінде олар болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілікті сезініп, өздерінің егемендік құқықтарын негізге ала отырып, Тәуелсіздіктің тірегіне айналған көк байрағымызға аса құрметпен қарайды. Мемлекетіміздің тұрақты және серпінді дамуы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы және мықты әрі берік мемлекеттік биліктің қызмет етуі арасындағы тепе-теңдікті талап етеді. Мен де құқықтық тәртіп әскерінің мерзімді әскери қызметшісі ретінде еліміздің тұрақты және серпінді дамуының алғышартына айналған құқықтық жүйенің құрметтеп қорғауға, оның баянды өміршеңдігін кірпік қақпай күзетуді азаматтық парызым деп санаймын. Мемлекеттік рәміздеріміз еліміздің барлық мерейлі сәттерінің бастауы саналып, құқық теңдігі мен барлық қазақстандықтарға бірдей мүмкіндіктерді беретін әділетті заңның үстемдігі салтанат құра берсін! Қазіргі таңда Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздарға мемлекет тарапынан едәуір жеңілдіктер жасалып жатыр. Әскерден кейін тегін білу алу бағдарламасы әсіресе, жоғары оқу орынына түспеген мен үшін керемет жаңалық болайын деп тұр. Күні кеше «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің 17 сарбазы білім грантына ие болды. Сондықтан мен үшін мемлекет көрсеткен қолдаулардың жөні бөлек. Әмбе бұндай қарышты қадамдардан кейін, ертеңгі болашағыма сеніммен қараймын. Көк байрағымыз желбіреп тұра берсе, еліміз де әлі де дамып, өркендей беретіндігіне нық сенімдімін.
Талғат Әбдіқадыров, 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері