Жаңа зауыт Қазақстанның сүт өнімдері нарығын өзгертуде

539
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанның сүт нарығында жаңа кезең басталуы мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысында іске қосылған Eurasian Milk зауыты бүгінде елдегі ең ірі әрі технологиялық жағынан ең заманауи сүт өңдеу кәсіпорындарының бірі ретінде бағаланып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жобаның ауқымы соншалық, кәсіпорын толық қуатына шыққанда Қазақстанның барлық өңірін өніммен қамтамасыз ете алады.

Осы аптада зауытқа ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов барып, өндіріс процесімен және кәсіпорынның даму жоспарларымен танысты.

Импортты алмастыратын өндіріс

Қазақстанда терең өңделген сүт өнімдерінің едәуір бөлігі әлі де шетелден импортталады. Әсіресе технологиялық тұрғыдан күрделі өнімдер сегментінде отандық өндірушілердің үлесі төмен.

Eurasian Milk осы жағдайды өзгертуге ниетті.

Кәсіпорын жылына 125 мың тоннаға дейін шикі сүт өңдей алады. Өндірістік жоспар бойынша зауыт жыл сайын:

  • 7 мың тоннадан астам қатты және жұмсақ ірімшік;
  • 12 мың тоннадан астам сары май;
  • шамамен 12 мың тонна қойытылған сүт;
  • 20 мың тоннадан астам сарысу концентраты мен қышқыл сүт өнімдерін шығарады.

Бұдан бөлек, биыл жылдың соңына дейін қуаттылығы 6 мың тоннадан асатын крем-чиз өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.

Неліктен бұл зауыт ерекше?

Жобаның басты ерекшелігі – өндірістің жоғары технологиялық деңгейі. Компания мәліметінше, кәсіпорын Швейцарияның жетекші инженерлері мен технологтарының қатысуымен жобаланған. Сарапшылардың пікірінше, мұндай кешендерді Еуразиялық экономикалық одақ аумағында саусақпен санарлық кәсіпорындармен ғана салыстыруға болады.

Сапар барысында Үкімет басшысына өндірістегі автоматтандырылған желілер, сапаны бақылау жүйесі және халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін технологиялық шешімдер көрсетілді.

Олжас Бектенов кәсіпорынның өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

Фермерлерге жаңа мүмкіндік

Зауыт жұмысының маңызды бағытының бірі – жергілікті фермерлермен ұзақмерзімді серіктестік қалыптастыру.

Компания тек сүт сатып алумен шектелмейді. Кәсіпорын фермерлерге мал азығы базасын жақсарту, жануарларды күтіп-баптаудың заманауи әдістерін енгізу және сүт сапасын арттыру бойынша қолдау көрсетіп келеді.

Сарапшылардың айтуынша, сапалы шикізат базасын қалыптастырмайынша, отандық өнімдердің импортпен бәсекелесуі қиын.

100 миллион доллардан астам инвестиция

Жобаға салынған инвестиция көлемі 100 миллион доллардан асады. Eurasian Milk компаниясының бас директоры Андрей Гриценконың айтуынша, бұл тек бір кәсіпорынның емес, тұтас саланың дамуына бағытталған инвестиция.

«Біз жүзеге асырып жатқан бұл ауқымды жоба ішкі нарықты отандық өніммен молықтыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және экспорттық әлеуетті одан әрі дамытуға бағытталған. Жоба еліміздегі сүт малы шаруашылығының дамуын және шығарылатын өнім түрлерінің кезең-кезеңімен артуын ескере отырып, өндірісті біртіндеп кеңейтуді көздейді. Алдағы үш жылға арналған жоспарымызда қазіргі уақытта елімізде өндірілмейтін немесе сапасы талапқа сай келмейтін сүт өнімдерінің желісін кеңейту көзделген. Инвестицияның жалпы көлемі 100 миллион доллардан асады, бұл тек кәсіпорынның дамуына ғана емес, аймақ экономикасы мен осы саланың өркендеуіне қосылған елеулі үлес. Біз жобаның әлеуеті жоғары екенін көріп отырмыз, әлемдік қауіпсіздік стандарттарына сай келетін өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасына сенімдіміз. Сондай-ақ бұл кәсіпорын Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналады деп үміттенеміз», – деді Андрей Гриценко.

Жүздеген жұмыс орны ашылды

Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде 415 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар зауыттың іске қосылуы логистика, ауыл шаруашылығы, сауда желілері, қызмет көрсету және энергиямен қамтамасыз ету салаларының дамуына да серпін береді. Экономистер мұны «мультипликативтік әсер» деп атайды – бір өндіріс орны ондаған қосымша бизнес бағыттарының дамуына мүмкіндік береді.

Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне үлес

Соңғы жылдары мемлекет экономиканы әртараптандыруға және өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аударып келеді. Eurasian Milk жобасы осы саясаттың нақты нәтижелерінің бірі ретінде қарастырылады.

Жаңа кәсіпорын тек сүт өнімдерін шығаратын зауыт емес. Бұл – фермерлерден бастап дүкен сөрелеріне дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыратын, импортқа тәуелділікті азайтып, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған ірі индустриялық жоба.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -