Алматыда атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа қағидаларын талқылау жалғасуда. Ең көп талқыланып жатқан мәселелердің бірі – газдандырылған аудандарда қатты және сұйық отынды пайдалануға шектеу енгізу, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл бастамаға қатысты тұрғындар арасында қосымша шығындар, жылыту жүйесін ауыстыру қажеттілігі және жаңа талаптардың әсері жөнінде түрлі сұрақтар туындап отыр.
Қағидалардың мақсаты қандай?
Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – атмосфералық ауаның ластануын азайту.
Яғни, егер тұрғын үй немесе кәсіпкерлік нысан табиғи газ желісіне қосылған болса және экологиялық таза отынды пайдалану мүмкіндігі бар болса, онда көмір, отын немесе қатты отынның басқа түрлерін қолдануға жол берілмейді.
Мамандардың айтуынша, бұл талап тұрғындарға қосымша қаржылық салмақ түсіруге емес, ауа сапасын жақсартуға бағытталған.
Алматының газдандыру деңгейі 99,6 пайызға жетті
Соңғы жылдары қалада газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда Алматының газдандыру деңгейі шамамен 99,6 пайызды құрайды. Бұл қала тұрғындарының басым бөлігінің табиғи газды пайдалану мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған арнайы газдандыру бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Жоба Алматы әкімдігі, Halyk Bank және Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Бағдарлама аясында тұрғын үйлер «кілт тапсыру» қағидатымен газға қосылады. Қажетті жұмыстар мен жабдықтар жоба есебінен қамтамасыз етіледі.
Тек 2025 жылдың өзінде 49 тұрғын үй газ жүйесіне қосылған. Қазіргі уақытта табиғи газға қолжетімділік 500 мыңнан астам үй шаруашылығын қамтып отыр.
Тұрғындар пікір білдірді
Медеу ауданының тұрғыны жаңа бастаманы қолдайтынын айтты.
«Біздің Медеу ауданындағы үйіміз өткен жылы газдандыру бағдарламасы аясында газға қосылды. Бұрын көмір пайдаланатынбыз, ол қолайсыз, әрі шығыны көп болатын. Қазір әлдеқайда жайлы: үй жылы, көмірдің шаңы жоқ, отынмен әуре болмаймыз. Сондықтан газ тартылған жерлерде біртіндеп лас отын түрлерінен бас тарту дұрыс деп есептеймін. Бұдан аудан тұрғындарының барлығы ұтады», – дейді алматылық тұрғын.
Жаңа талаптар кімдерге қатысты болады?
Қағидаларда газбен жабдықтау мүмкіндігі бола тұра көмір пайдалануды жалғастырып отырған нысандарға ерекше назар аударылған.
Олардың қатарында:
- Моншалар
- Қоғамдық тамақтану орындары
- Кәуапханалар
- Техникалық қызмет көрсету бекеттері
- Тұрғын үйлерге жақын орналасқан өзге де шығарындылар көздері
Мұндай нысандар үшін сүзгілер орнату, шығарындыларды тазарту жүйелерін пайдалану және экологиялық таза энергия көздеріне көшу талаптары қарастырылуда.
Наурызбай ауданының тұрғыны бұл мәселенің өзекті екенін айтады.
«Қыста кейбір коммерциялық нысандардан қою түтін шығып жатқанын көруге болады, ал ол аудан әлдеқашан газға қосылған. Әсіресе, балалар тұратын жерде ауаның таза болғанын қалайсың», – дейді ол.
Ластаушы көздердің үлесі қандай?
Eco Almaty мамандарының мәліметінше, Алматыдағы барлық ластаушы заттар шығарындыларының шамамен 11 пайызы жеке тұрғын үйлер мен моншалардың үлесіне тиесілі.
Сарапшылардың пікірінше, бұл мегаполис үшін айтарлықтай көрсеткіш.
Бұл не үшін маңызды?
Алматы бірнеше жылдан бері ауа сапасы мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан қалада қоғамдық көлікті жаңарту, кәсіпорындар мен көліктердің шығарындыларын бақылау, төмен эмиссия аймағын енгізу және газдандыру жұмыстарын кеңейту қатар жүргізілуде.
Жаңа қағидалардың мақсаты – айыппұл салу емес, ауаға таралатын зиянды шығарындыларды кезең-кезеңімен азайту.
Таза ауа тұрғындардың денсаулығына, өмір сапасына және қаланың экологиялық болашағына тікелей әсер етеді.