Атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналмақ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын орта есеппен 3-4 пайызға артып келеді. Әсіресе жоғары сұраныс оңтүстік өңірлерде байқалады. Қазіргі уақытта бұл аймақтардағы электр энергиясының едәуір бөлігі солтүстік энергетикалық аймақтан жеткізіледі. Осыған байланысты АЭС құрылысы энергия тапшылығының алдын алып, елдің өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Энергетикалық қауіпсіздікті күшейтеді
Атом электр станциясы тұрақты әрі сенімді энергия көзі ретінде ұлттық энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.
Сарапшылардың пікірінше, АЭС:
- энергия тапшылығы тәуекелін азайтады;
- импортқа тәуелділікті төмендетеді;
- өнеркәсіп пен халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етеді;
- экономиканың ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайды.
Мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады
Жоба өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін береді.
Болжам бойынша, Алматы облысында АЭС құрылысы аясында:
- 2030 жылға қарай шамамен 5 мың адам жұмыспен қамтылады;
- 2032 жылы құрылыс жұмыстарының ең қызған кезеңінде қызметкерлер саны 10 мың адамға дейін жетеді;
- 2035 жылы станция пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылады.
Олардың қатарында жоғары білімді инженерлер, арнаулы орта білімді мамандар және техникалық бағыттағы қызметкерлер болады.
Инфрақұрылым жаңарады
АЭС құрылысы тек энергетика саласын ғана емес, тұтас өңірдің инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.
Жоба аясында:
- автомобиль жолдары жаңартылады;
- электр және сумен жабдықтау желілері дамытылады;
- әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жаңғыртылуы жүзеге асырылады;
- мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелердің инфрақұрылымы жақсарады.
Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Инвестиция мен бизнестің дамуына жол ашады
Ірі энергетикалық жоба жаңа инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Сарапшылардың бағалауынша:
- өңірлердің инвестициялық тартымдылығы артады;
- шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады;
- қызмет көрсету және өндіріс салалары дамиды;
- жастар үшін жоғары технологиялық мамандықтарға сұраныс өседі.
Жаңа технологиялық саланың негізі қаланады
АЭС құрылысы Қазақстанда атом энергетикасы саласын дамытуға және жоғары білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.
Бұл тәжірибе алдағы уақытта жаңа атом электр станцияларын салу жобаларын іске асыру кезінде де пайдаланылмақ. Нәтижесінде елімізде жоғары технологиялық өндірістердің дамуына және адами капиталдың сапасын арттыруға қосымша серпін беріледі.
Бұл не үшін маңызды?
Электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып жатқан жағдайда АЭС құрылысы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, экономикаға тұрақты энергия көзін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жоба мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, өңірлердің инфрақұрылымын жаңартып, жоғары технологиялық салалардың дамуына жол ашады.