Қазақстанда бірінші сыныпқа қабылдау үдерісі жаңа кезеңге өтті.
Биыл алғаш рет өтініштерді қабылдау OQU білім беру платформасы арқылы жүзеге асырылып, қысқа уақыт ішінде 105 мыңнан астам өтініш тіркелді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұған дейін жыл сайын мыңдаған ата-ана тап болатын техникалық қиындықтар мен жүйелік іркілістердің орнына енді цифрлық инфрақұрылымға сүйенген жаңа модель іске қосылды.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында және Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы шеңберінде жүзеге асырылды.
Неліктен бұл өзгеріс маңызды?
Бірінші сыныпқа қабылдау – елдегі ең көп қолданылатын мемлекеттік қызметтердің бірі. Әсіресе қабылдау науқаны басталған алғашқы күндері жүйеге түсетін жүктеме бірнеше есе артып, ата-аналардың өтініш беруіне кедергі келтіретін жағдайлар жиі кездесетін.
Осы мәселені шешу үшін бірінші сыныпқа қабылдау қызметі OQU платформасына көшірілді. Жобаны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп іске асырды. Сондай-ақ оған «Қазақтелеком» АҚ мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қатысты.
Нәтижесінде қызметтің архитектурасы толық жаңартылып, өңірлер бойынша кезең-кезеңімен іске қосу механизмі енгізілді. Бұл жүктемені біркелкі бөліп, жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
105 мың өтініш және бірде-бір жаппай іркіліс жоқ
Жоба 27 мамырда Астана қаласында, Абай және Жетісу облыстарында, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында іске қосылды. Кейін 10 маусымда Алматы қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары қосылды.
Қазіргі уақытта OQU платформасы арқылы бірінші сыныпқа қабылдау үшін 105 мыңнан астам өтініш берілген.
Жобаның технологиялық негізін мемлекеттік сервистердің жоғары жүктеме жағдайында жұмыс істеуіне арналған QazTech платформасы құрайды. Іске қосылар алдында жүйе кешенді жүктемелік сынақтардан өтіп, миллиондаған сұранысты өңдеуге дайын екені расталған.
Ата-аналар үшін не өзгерді?
Жаңа жүйеде өтініш беру бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл.
Авторизация eGov инфрақұрылымы арқылы жүзеге асырылады. Пайдаланушылар ЭЦҚ, eGov QR немесе логин мен құпиясөз көмегімен жүйеге кіре алады.
Ең бастысы – мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияның арқасында бала мен ата-ана туралы деректердің басым бөлігі автоматты түрде толтырылады. Бұл құжаттарды қайта жүктеу немесе ақпаратты қолмен енгізу қажеттілігін азайтты.
Өтініш беру үшін мектепті таңдап, өтінімді жолдау жеткілікті. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады, ал нәтиже ата-ананың жеке кабинетіне және SMS хабарлама арқылы жіберіледі.
Мектептер үшін де жұмыс жеңілдеді
Цифрлық шешімнің артықшылығы тек ата-аналармен шектелмейді.
Білім беру ұйымдары үшін өтініштерді өңдеу үдерісі оңтайландырылып, деректерді тексеруге кететін уақыт қысқарды. Қайталанатын әрекеттер азайып, ата-аналармен өзара іс-қимылдың бірыңғай цифрлық ортасы қалыптасты.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл өзгерістің маңызын ерекше атап өтті.
«Бірінші сыныпқа қабылдау өтініштері әрдайым ең жоғары жүктемеге ие қызметтердің бірі болды, жүйелік іркілістер мәселесі жылдар бойы шешілмей келді. Қазір бұл мәселе архитектура деңгейінде толық жойылды. QazTech платформасы мен мемлекеттік жүйелермен терең интеграция – білім беру саласындағы өзге де мемлекеттік қызметтерді көшірудің үлгісі болады», – деді Жаслан Мәдиев.
Неге қабылдау мерзімі өзгерді?
Биылғы тағы бір маңызды жаңалық – қабылдау науқанының басталу күні ауыстырылды.
Бұрын құжат қабылдау 1 сәуірде басталып, мектептердегі оқу процесімен қатар жүретін. Бұл білім беру ұйымдарына қосымша жүктеме түсіретін.
Оқу-ағарту министрлігі қабылдау науқанын 27 мамырға ауыстыру арқылы мектептердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бергенін айтады.
«Алдыңғы жылдары бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталып, оқу үдерісімен қатар жүретін. Бұл кезеңде мектептер бір уақытта әрі оқу процесін жүргізіп, әрі ата-аналардың өтініштерін қабылдайтын. Білім беру ұйымдарына түсетін қосымша жүктемені азайту үшін Оқу-ағарту министрлігі қабылдау науқанының басталуын 27 мамырға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл мектептердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға және балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үдерісін сапалы жүргізуге мүмкіндік берді», – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Бұл тек бастамасы
OQU платформасы тек бірінші сыныпқа қабылдау қызметімен шектелмейді.
Министрліктің жоспарына сәйкес, алдағы уақытта платформа баланың балабақшадан бастап колледжге дейінгі бүкіл білім алу жолын қамтитын бірыңғай цифрлық экожүйеге айналады.
Сарапшылардың пікірінше, егер жоба қазіргі қарқынын сақтаса, OQU Қазақстандағы білім беру саласының негізгі цифрлық платформаларының біріне айналуы мүмкін.
Қазіргі таңда ата-аналар бірінші сыныпқа өтінішті OQU порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы бере алады.