Қазақстанның мәдени өмірінде ерекше орны бар «Астана Балет» театры биылғы театр маусымын еліміздің батыс өңіріндегі көрермендермен бірге қорытындыламақ.
Шілде айында театр ұжымы Атырау мен Ақтауға гастрольдік сапармен барып, ұлттық хореографиядан бастап әлемдік классикаға дейінгі ауқымды бағдарламасын ұсынады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл гастрольдердің ерекшелігі – көрермен бір ғана бағыттағы өнерді емес, қазақтың рухани мұрасын дәріптейтін би қойылымдарын да, симфониялық музыка мен опера өнерінің үздік үлгілерін де тамашалай алады.
Ұлы Даланың рухын жеткізетін қойылым
5 және 6 шілде күндері Атыраудағы Махамбет Өтемісов атындағы драма театрының сахнасында көрерменге «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы ұсынылады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған бұл ұлттық дивертисмент соңғы жылдары «Астана Балеттің» шығармашылық визит карточкасына айналды. Қойылым халықаралық фестивальдер мен беделді сахналарда көрсетіліп, шетелдік көрермендердің де жоғары бағасына ие болған.
Бағдарламада қазақ халқының би дәстүрлері, этнографиялық элементтер мен заманауи хореографиялық шешімдер үйлесім тауып, Ұлы Даланың мәдениеті мен рухани әлемін жаңа қырынан таныстырады.
Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов бұл гастрольдердің ұжым үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Батыс Қазақстан көрерменіне шығармашылығымызды көрсету біз үшін үлкен мәртебе. "Ұлы Дала мұрасы" концерттік бағдарламасы театр репертуарында ерекше орын алады, өйткені онда ұлттық мәдениеттің байлығы, дәстүрдің сұлулығы мен қазақ даласының рухы көрініс тапқан. Бұл қойылым Атырау көрерменінің көңілінен шығатынына сенімдімін. Ақтауда біз әлемдік классиканың танымал жауһарлары мен қазақстандық композиторлардың шығармаларын біріктірген опера солистерінің қатысуымен симфониялық оркестр бағдарламасын ұсынамыз. Бұл гастрольдер театрдың шығармашылық келбетінің жан-жақтылығын көрсетуге мүмкіндік береді», – деді ол.
симфониялық музыка кештері өтеді
Гастрольдік сапардың келесі бағыты – Маңғыстау өңірі.
8 шілде күні Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қолдауымен опера солистері қатысатын Симфониялық оркестр концерті ұйымдастырылады. Іс-шара әлеуметтік осал топ өкілдеріне, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және Жаңаөзен тұрғындарына арналмақ.
Ал 10 және 11 шілдеде Ақтаудағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде театрдың симфониялық оркестрі өнер көрсетеді. Бас дирижер Арман Оразғалиев жетекшілік ететін концерттерде қазақ және еуропалық классикалық музыканың таңдаулы туындылары орындалады.
Оркестр бағдарламасы түрлі дәуірлер мен мәдениеттердің музыкалық мұрасын тоғыстырып, тыңдарманды әлемдік классиканың үздік шығармаларымен қауыштырмақ.
«Ақтауда көрсететін бағдарламамыз әлемдік музыка өнерінің нағыз інжу-маржанына айналған шығармаларды біріктіреді. Оркестр үшін көрерменді ғасырлар бойы өзінің күші мен эмоционалды тереңдігін жоғалтпайтын музыкамен таныстыру өте маңызды. Алдағы концерттер қалың жұртшылыққа жарқын әсер қалдыратынына және таныс шедеврлерді жанды орындауда жаңаша тыңдауға мүмкіндік алатынына сенімдімін», – деді Арман Оразғалиев.
Қазақстанның танымал опера солистері сахнаға шығады
Концерттерге халықаралық байқаулардың лауреаттары, еліміздің жетекші опера орындаушылары қатысады. Олардың қатарында баритон Әділ Сұлтан, сопрано Фируза Рахметова және тенор Талғат Аллабиринов бар.
Олардың орындауында әлемдік музыка мәдениетінің алтын қорына енген әйгілі ариялар мен вокалдық шығармалар шырқалады. Сонымен қатар көрермен назарына симфониялық оркестрдің жарқын туындылары ұсынылып, театр музыканттарының кәсіби шеберлігі паш етіледі.
Жаздың ең жарқын мәдени оқиғаларының бірі
«Астана Балет» театрының батыс өңірге арналған гастрольдері тек концерттер сериясы ғана емес, ұлттық өнер мен әлемдік музыканың тоғысқан үлкен мәдени мерекесі болмақ.
Театр ұжымы Атырау мен Ақтау тұрғындары мен қонақтарын маусымның қорытындысын бірге атап өтуге және жаздың ең жарқын мәдени оқиғаларының біріне куә болуға шақырады.


