Қазақстанның Әскери-теңіз күштері туралы сөз болғанда, ең алдымен Ратмир Комратовтың есімі аталады.
Елдің тұңғыш контр-адмиралы саналатын ардагер 75 жасқа толып, оның мерейтойы Астанада салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталықта өтті. Мұнда әскери басшылық, ардагерлер, курсанттар және мерейтой иесінің жақындары бас қосты.

Әскери жолды баяндайтын көрме
Қонақтарды алдымен ерекше көрме қарсы алды.
Экспозицияда Ратмир Комратовтың өмір жолы, әскери қызметі және Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің қалыптасуына қосқан үлесін көрсететін архивтік фотосуреттер мен материалдар қойылды.
Сондай-ақ жиналғандарға контр-адмирал туралы деректі фильм көрсетілді.

«Бұл есім тарихта мәңгі қалады»
Мерейтой барысында Қорғаныс министрінің атынан Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Асқар Жоламанов құттықтау хат табыстап, Ратмир Комратовтың ел қорғанысын нығайтудағы еңбегін ерекше атап өтті.

Ал Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков оның әскери флоттың негізін қалаудағы тарихи рөліне тоқталды.
– Ратмир Әлімханұлының есімі Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің тарихында мәңгілікке жазылды. Оның кәсібилігі, көрегендігі және әскери борышқа адалдығы арқасында Қарулы күштердің бұл түрінің берік негізі қаланды. Бүгінде оның ісін жаңа буын әскери теңізшілері лайықты түрде жалғастырып келеді, – деді Қанат Ниязбеков.
«Ең үлкен марапат – елге қызмет ету»
Мерейтой иесі де көпшілік алдында сөз сөйлеп, әріптестеріне және мемлекетке ризашылығын білдірді.
– Офицер үшін ең үлкен марапат – ел қауіпсіздігі жолындағы қызметінің және Отан қорғаушыларын тәрбиелеуге қосқан үлесінің жемісін көру. Қол жеткізген жетістіктерім – бірге қызмет еткен көптеген әріптестерімнің ортақ еңбегінің нәтижесі. Осы жолда жанымда болған барша жандарға шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Ратмир Комратов.
Қазақстан флотының қалыптасуына үлес қосқан тұлға
Ратмир Комратов – тәуелсіз Қазақстандағы Әскери-теңіз күштерінің қалыптасуына тікелей атсалысқан офицерлердің бірі. Оның есімі әскери теңіз инфрақұрылымын дамыту және ұлттық әскери флоттың іргесін қалаумен тығыз байланысты.
Салтанатты кеш Ұлттық әскери-патриоттық орталық ансамблінің концертімен аяқталып, қатысушылар естелік суретке түсті.


