Yahoo! негізін қалаушы Джерри Янг қазақстандық Nace.AI стартапына инвестиция салды

770
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: ©️REUTERS/Toby Melville

Қазақстаннан бастау алған, бүгінде Кремний алқабында жұмыс істейтін Nace.AI жасанды интеллект стартабына әлемдік технология индустриясының танымал инвесторларының бірі – Yahoo! компаниясының негізін қалаушы әрі Alibaba инвесторы Джерри Янг инвестиция салды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл қазақстандық стартап үшін кезекті инвестициялық кезең ғана емес, отандық технологиялық жобалардың жаһандық жасанды интеллект нарығында бәсекеге қабілетті екенін көрсететін маңызды оқиға.

Джерри Янг шешімді алғашқы кездесуден кейін қабылдаған

Nace.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дос Бақытжанның айтуынша, инвестормен алғашқы кездесу шамамен екі сағатқа созылған.

Фото көзі: Дос Бақытжан мұрағатынан

«Джерри Янг - Yahoo! компаниясының негізін қалаушы, әлемдік интернет индустриясының алғашқы көшбасшыларының бірі, Alibaba директорлар кеңесінің мүшесі әрі инвесторы, Кремний алқабындағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі. Стартабымыз бен өнімдеріміздің осындай алып инвесторлардың қызығушылығын тудыруы - дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айғағы», - деді ол.

Стартаптың технологиясы инвестордың қызығушылығын тудырды

Дос Бақытжанның айтуынша, кездесуде компанияның даму стратегиясы мен технологиялық бағыты жан-жақты таныстырылған.

«Кездесуіміз шамамен екі сағатқа созылды. Бір сағаттай уақыт ішінде компаниямыздың стратегиясын, технологиялық бағытымызды және неліктен дәл осы тәсілді таңдағанымызды таныстырдым. Джерри техникалық білімі жоғары адам екен. Ол өніміміз, нарық, бәсекелестер және технологиямыздың қалай жұмыс істейтіні жөнінде терең сұрақтар қойды. Әсіресе әмбебап ірі модельдердің орнына шағын, салалық AI-модельдерге неге басымдық беретінімізге ерекше қызығушылық танытты», - дейді Дос Бақытжан.

Компания корпоративтік секторға арналған жасанды интеллект өнімдерін әзірлейді. Негізгі бағыт – ұйымдарға бизнес-процестер мен деректерді нақты уақыт режимінде талдауға мүмкіндік беретін AI шешімдерін ұсыну.

Инвестициялық келісім бірден жасалған

Стартап басшысының сөзінше, екі тарап ортақ түсіністікке өте жылдам келген.

«Біз ұйымдарға бизнес-процестері мен деректерін нақты уақыт режимінде талдауға мүмкіндік беретін құралдар жасап жатқанымызды түсіндірдік. Бұл - таза B2B-компания. Технологиямыз да, командамыз да оған ұнады. Ортақ түсіністікке өте тез келдік», - деді стартаптың негізін қалаушы.

Кездесу соңында инвестор бірден қаржы салуға дайын екенін жеткізген.

«Шын мәнінде, алғашқы кездесудің өзінде-ақ нақты инвестициялық міндеттеме берілді. Ол ағымдағы инвестициялық раунд аясында қанша қаржы қажет екенін сұрады. Тіпті біз жоспарлағаннан әлдеқайда көп қаражат салуға дайын болды. Алайда біз компанияның осы кезеңдегі қажеттілігіне сай көлемді ғана алдық. Себебі басқа инвесторларға да орын қалдырып, үлестердің шамадан тыс болуына жол бергіміз келмеді», - деді Nace.AI бас директоры.

Қазақстаннан Кремний алқабына дейін

Nace.AI корпоративтік секторға арналған жасанды интеллект платформаларын әзірлейді.

Компанияның шешімдері:

  • аудит үдерістерін автоматтандырады;
  • қаржылық талдауды жеңілдетеді;
  • ірі корпоративтік деректерді өңдеуді жылдамдатады;
  • қолмен орындалатын жұмысты азайтады;
  • басқарушылық шешім қабылдау жылдамдығын арттырады.

Қазір компанияда шамамен 30 маман жұмыс істейді. Стартаптың кеңселері Кремний алқабы мен Астанада орналасқан.

Бұған дейін Nace.AI халықаралық инвесторлардан 21,5 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқан болатын. Компанияның мәліметінше, бұл мәміле 36 сағатқа жетпейтін уақыт ішінде аяқталған. Бүгінде стартаптың клиенттері қатарында әлемдік ірі компаниялар, оның ішінде халықаралық «Үлкен төрттік» компаниялары да бар.

Бұл инвестиция Қазақстаннан шыққан технологиялық жобалардың халықаралық деңгейде мойындалып, әлемдік венчурлық нарықтағы қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -