Қазақстанда қарызды бір өтінішпен реттеуге болады

836
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: finkelisim.kz

Қазақстанда бірнеше банк немесе микроқаржы ұйымы алдында қарызы бар азаматтарға арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды.

Енді берешекті реттеу үшін әрбір кредиторға жеке-жеке жүгінудің қажеті жоқ.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Finkelisim.kz бірыңғай платформасы жұмысын бастады. Жоба Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Бірінші кредиттік бюроның бірлескен бастамасымен әзірленген.

Бір өтініш – барлық кредиторға

Жаңа платформаның басты ерекшелігі – барлық мәселені «бір терезе» қағидаты бойынша шешуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымынан несие алған азаматтар әрбір кредитормен жеке келіссөз жүргізуге мәжбүр болатын. Енді барлық кредитор қарайтын бір ғана өтініш беру жеткілікті.

Платформа банк және микроқаржы омбудсмандарының қатысуымен медиация тәртібі арқылы жұмыс істейді.

Қызмет кімдерге арналған?

Finkelisim.kz сервисі төмендегі талаптарға сәйкес келетін азаматтарға арналған:

  • екі немесе одан да көп кредитор алдында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болуы керек;
  • барлық қарыздың жалпы көлемі 150 АЕК-тен 1600 АЕК-ке дейін болуы тиіс. 2026 жылғы есеппен бұл 648 750 теңгеден 6 920 000 теңгеге дейінгі сома;
  • қарыз бойынша сот шешімі, нотариустың атқарушылық жазбасы немесе мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімдері болмауы қажет.

Қандай қарыздар бұл бағдарламаға кірмейді?

Платформа барлық несие түріне бірдей қолданылмайды.

Ұжымдық реттеу рәсіміне:

  • ипотекалық кредиттер;
  • автонесиелер;
  • кәсіпкерлік мақсаттағы кредиттер;
  • алаяқтық арқылы рәсімделген қарыздар;
  • әскери қызметшілерге төлемі кейінге қалдырылған кредиттер;
  • медиациялық келісімі күшінде тұрған қарыздар;
  • банкроттық немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсіміндегі берешектер қатыстырылмайды.

Қарызды 5 немесе 7 жылға дейін төлеуге мүмкіндік бар

Егер өтініш мақұлданса, қарыз алушыға барлық кредиторға ортақ бір ғана төлем кестесі ұсынылады.

Жаңа шарт бойынша:

  • көпшілік азаматтар үшін қарызды өтеу мерзімі 5 жылға дейін;
  • халықтың әлеуметтік осал топтары мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Мұндай тәсіл ай сайынғы төлем көлемін азайтып, азаматтың қаржылық жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Өтініш қалай беріледі?

Алгоритм бірнеше кезеңнен тұрады.

Алдымен азамат Finkelisim.kz порталында тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өтеді.

Одан кейін жүйе Бірінші кредиттік бюроның деректері арқылы өтініш берушінің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.

Егер барлық шарт орындалса:

  • кредиторлар қарыз сомасын растайды;
  • бірыңғай төлем кестесі дайындалады;
  • медиативтік келісімдер мен омбудсман хаттамасы платформаға жүктеледі.

Қарыз алушы ұсынылған құжаттарға 72 сағат ішінде қол қоюы тиіс.

Егер осы уақыт ішінде құжаттарға қол қойылмаса, бұл азаматтың рәсімге қатысудан бас тартқаны ретінде есептеледі.

Құжаттарға қол қойылғаннан кейін не өзгереді?

Қол қою рәсімі аяқталған соң кредиторлар осы келісімге енгізілген қарыздар бойынша өндіріп алу әрекеттерін тоқтатады.

Ал қарыз алушы ай сайын бір ғана төлем жасайды.

Платформа түскен қаражатты автоматты түрде барлық кредитор арасында қарыз көлеміне сәйкес бөліп отырады.

Ай сайын қанша төлеуге болады?

Жалпы шарттар бойынша:

  • 1 миллион теңгеге дейінгі қарыз үшін ең жоғары ай сайынғы төлем 84 мың теңгеден аспайды (12 айға дейін);
  • 5–7 миллион теңге аралығындағы берешек үшін ең жоғары төлем 117 мың теңге (60 айға дейін).

Ал халықтың әлеуметтік осал топтары үшін талаптар жеңілдетілген.

Олар:

  • 1 миллион теңгеге дейінгі қарызды 18 ай ішінде, айына 56 мың теңгеден төлей алады;
  • 5–7 миллион теңге аралығындағы қарызды 84 айға дейін, айына 84 мың теңгеден өтеуге мүмкіндік алады.

Маңызды талап бар

Платформа арқылы жасалған келісімнің талаптары міндетті түрде орындалуы тиіс.

Егер қарыз алушы төлемдерді орындамаса, 40 күннен кейін кредитор заңда белгіленген тәртіппен берешекті қайта өндіріп алуға құқылы болады.

Бұдан бөлек, мұндай жағдайда азамат ұжымдық реттеу рәсіміне қайта қатыса алмайды.

Егер төлеуге мүлде мүмкіндік болмаса...

Мамандардың айтуынша, төлем жасауға мүлде қауқарсыз азаматтар үшін тағы бір заңды мүмкіндік сақталады.

Егер азамат талаптарға сәйкес келсе, ол «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң аясында соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш бере алады.

Finkelisim.kz платформасының іске қосылуы Қазақстандағы жеке тұлғалардың қарыздарын реттеу жүйесін жаңа деңгейге шығаруы мүмкін. Бірнеше кредитормен бір мезетте келісімге келу мүмкіндігі, бірыңғай төлем кестесі және ұзартылған өтеу мерзімі мыңдаған қазақстандықтың қаржылық жүктемесін жеңілдетуге бағытталған жаңа тетік ретінде бағалануда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -