Балалар TikTok көретін заман келді. Бірақ соңғы уақытта әлеуметтік желіде би немесе ойын-сауық емес, тәрбиелік мазмұндағы жаңа жоба талқылана бастады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы іске қосқан Ulttyq Ulan KIDS парақшасы ата-аналардың назарын аударып, әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жобаның ерекшелігі – балаларға қауіпсіздік ережелері мен адамгершілік құндылықтарды қарапайым тілде, қысқа анимациялық мультфильмдер арқылы жеткізуінде.
Неліктен бұл жоба көпшіліктің назарын аударды?
Қазіргі балалардың басым бөлігі ақпаратты дәл TikTok арқылы қабылдайды. Сондықтан мемлекеттік құрылымның осы платформаны таңдап, балаларға арналған арнайы контент ұсынуы көпшілік үшін тосын жаңалық болды.
Ulttyq Ulan KIDS парақшасында жарияланатын бейнероликтердің басты кейіпкерлері – Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының шеврондарында бейнеленген жануарлар негізінде жасалған ерекше маскоттар. Әр кейіпкер балаларға қызықты оқиға арқылы маңызды өмірлік сабақтарды үйретеді.
Мультфильмдерде достық, адалдық, батылдық, тәртіп, Отанды сүю, қауіпсіздік ережелері мен адамгершілік құндылықтар түсінікті әрі жеңіл форматта баяндалады.
арналған контентке жаңа көзқарас
Соңғы жылдары ата-аналар әлеуметтік желілердегі балалар контентінің сапасына жиі алаңдайды. Осыған байланысты Ulttyq Ulan KIDS жобасы ойын-сауық пен тәрбиені үйлестіруге бағытталған бастама ретінде ерекшеленіп отыр.
Жоба аясындағы барлық бейнероликтер балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп дайындалады. Негізгі мақсат – бүлдіршіндердің қызығушылығын оятумен қатар, олардың бойында жауапкершілік, қауіпсіздік мәдениеті және патриоттық құндылықтарды қалыптастыру.
Ұлттық ұлан цифрлық кеңістікке шықты
Бүгінде мемлекеттік органдар халықпен байланыс орнатудың жаңа жолдарын іздеп келеді. Ұлттық ұлан да бұл үрдістен шет қалмай, жас аудиториямен цифрлық платформалар арқылы тіл табысуды көздеп отыр.
Жоба өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін қолдау және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастыру міндетін көздейді. Сонымен бірге бұл бастама балаларға арналған қазақтілді сапалы цифрлық контенттің қатарын толықтыра түседі.
Ұлттық ұлан барлық ата-аналар мен бүлдіршіндерді Ulttyq Ulan KIDS TikTok парақшасына жазылып, қызықты әрі пайдалы мультфильмдерді бірге тамашалауға шақырады.
Балаларға арналған контенттің көп бөлігі ойын-сауыққа негізделген қазіргі кезеңде тәрбиелік бағыттағы осындай жобалардың көбеюі ата-аналардың қызығушылығын тудырып отырғаны да сондықтан.

