Арбаттан Бейжіңге дейін: Домбыра күні Қазақстан мен әлемді тоғыстырады

935
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Almaty akimdigi

Домбыра – қазақтың өткенін ғана емес, бүгінін де сөйлететін құндылық. Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Ұлттық домбыра күні биыл бұрынғыдан да ауқымды өтпек, деп хабарлайды DKNews.kz.

Еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдаған адамды біріктіретін концерттер, фестивальдер, күй кештері мен шығармашылық жобалар ұйымдастырылады.

Биыл мереке аясында Қазақстан бойынша 2000-нан астам мәдени іс-шара жоспарланған. Оның ішінде 20 республикалық, 98 облыстық деңгейдегі жоба өтеді. Қалған бағдарламалар аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде, мәдениет үйлерінде, музейлер мен кітапханаларда ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылардың болжамынша, мерекелік шараларға 2 миллионнан астам адам қатысады.

Ұлттық домбыра күні – жай ғана мерекелік дата емес. Бұл – ұлттық болмысты, дәстүрлі өнерді және ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін ерекше күн. Мереке 2018 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен бекітіліп, содан бері ел мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.

Биылғы мерекенің символдық мәні де ерекше. Ол жаңа Конституция күшіне енген кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жаңарған Ата заң қоғамның бірлігін нығайтып қана қоймай, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны сақтауға бағытталған мемлекеттік саясаттың жаңа кезеңіне жол ашты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетті сақтауда домбыраның орны айрықша екенін бірнеше рет атап өткен.

«Нағыз қазақ – домбыра», – деген Мемлекет басшысы қасиетті домбыра Қазақстанның әлемге танылатын бірегей брендіне айналуға тиіс екенін айтты.

Елдің әр өңірінде мерекелік көңіл күй

Ұлттық домбыра күніне арналған негізгі концерттер мен мәдени бағдарламалар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ барлық облыс орталықтарында өтеді. Сахнаға кәсіби шығармашылық ұжымдар, ұлттық аспаптар оркестрлері мен жас орындаушылар шығып, қазақтың күй өнерін кеңінен насихаттайды.

Астанада 5 шілде күні қалалық Амфитеатрда үлкен мерекелік концерт ұйымдастырылады.

Алматыда бірнеше ашық алаңда бірден бірнеше мәдени жоба өтеді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Арбатта, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында және Орталық саябақта өнер көрсетеді. Ал Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі көрермендерге «Күмбірле, домбыра, Жасай бер, Астана» концерттік бағдарламасын ұсынады.

Шымкентте мерекелік концерт «Шым Сити» саябағында өтеді.

Домбыра үні шетелде де шырқалады

Биыл мерекенің халықаралық бағдарламасы да кеңейіп отыр. Ұлттық домбыра күні Қытайдың астанасы Бейжіңде де атап өтіледі.

Лянма өзенінің жағалауында Қазақстанның мәдени орталығы ұйымдастыратын Dombra Party іс-шарасында шетелдік көрермендер қазақтың дәстүрлі музыкасы мен күй өнерімен танысады. Бұл бастама ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталған.

Күй сайыстары мен фестивальдер өтеді

Республикалық деңгейдегі негізгі жобалардың қатарында бірнеше беделді мәдени іс-шара бар.

Түркістан облысында «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы өтсе, Қызылорда облысы III республикалық «Сыр толқыны» байқауын қабылдайды.

Сонымен қатар Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Әсемқоңыр» республикалық домбырашылар байқауы ұйымдастырылады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында V халықаралық Quzyljar Music Fest фестивалі өтеді.

#dombrakuni челленджі басталады

Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен 4 шілде күні республикалық #dombrakuni челленджі өтеді.

Челленджге қатысушылар әлеуметтік желілерде ұзақтығы бір минутқа дейінгі бейнеролик жариялап, домбыра үнін, ұлттық өнерді және мерекелік көңіл күйді #dombrakuni хэштегі арқылы көпшілікке насихаттай алады.

Бір күндік мерекеден әлдеқайда кең мағынаға ие Ұлттық домбыра күні қазақтың рухани мұрасын жаңғыртып қана қоймай, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын маңызды мәдени оқиғаға айналып келеді. Домбыраның күмбірі – өткеннің үні ғана емес, бүгінгі Қазақстанның дауысы.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -