Алматы облысында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, қазақтың күй өнері мен ұлттық музыкасы кеңінен насихатталды. Қонаев қаласында өткен тағылымды кеште зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар, мәдениет және өнер қайраткерлері бас қосып, ұлттық мұраның маңызын дәріптеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мерекелік шара облыс орталығындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта өтті.

Марат Сұлтанғазиев: Домбыра – ұлттың мәңгілік құндылығы
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған қауымды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл мерекенің ұлттық руханияттағы орны ерекше екенін айтты.
Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Домбыра күніне қатысты сөзін еске салды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Домбыра күніне орай: «Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ ұлы дала дәстүрін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз», – деген болатын».
Әкімнің айтуынша, Домбыра – қазақ халқының тарихы мен рухани болмысын айшықтайтын қасиетті мұра.
«Домбыра – қазақтың жаны, тарихы мен бүкіл болмыс-бітімі. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын ен жайлаған халқымыздың сан ғасырлық шежіресі, ішкі жандүниесі жатыр. Өздеріңізге белгілі 1 шілдеден бастап жаңа Конституциямыз өз күшіне енді. Жаңарған Конституцияда Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті деп атап көрсетілген. Ата Заңның қорғауында болған ұлт құндылығының ғұмыры мәңгі болмақ».
Сонымен қатар ол өткен жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы ұлттық күй өнерінің мәртебесін арттыра түскенін атап өтті.

Өңір өнерпаздары халықаралық сахнада өнер көрсетіп жүр
Облыс әкімінің айтуынша, Алматы облысында күй өнерін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Биыл өңір өнерпаздары:
- Қытайда;
- Мароккода;
- Францияда;
- Түркі елдерінде өткен халықаралық мәдени шараларда өнер көрсетті.
Бұл тәжірибе жас музыканттардың кәсіби дамуына серпін беріп, дәстүрлі өнер мектебінің дамуына ықпал етіп отыр.
Секен Тұрысбек: Домбыраны тек мерекеде ғана ұлықтамау керек
Мерекелік кешке қатысқан композитор, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек Домбыра күнінің маңызына тоқталды.
«Домбыра күні арнайы мереке болып бекітілгеннен бері домбырашы жастардың көбейіп келе жатқанын көріп жүрміз. Бұған қарап біз де марқайып, шабыттанып қаламыз. «Кіндікте бұлақ бұлқынса, көгілдір көлің қатпайды» демекші, сол жас буынға қарап, ертеңгі күнге деген сенім ұялайды. Дегенмен домбыраның қасиеті туралы тек мерекеде ғана еске алуға болмайды. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, әр күні ұлттық аспапты қастерлеп, төрде ұстау керек. Сонда келер ұрпақ өзі-ақ домбыраның күмбіріне көңіл түріп, ұлықтап өтетін болады».
Кеште белгілі өнерпаздар өнер көрсетті
Мерекелік концертте көрерменге:
- Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина;
- «Алатау серілері» тобы;
- «Ақ жауын» камералық оркестрі;
- Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары өнер көрсетті.
Олар қазақтың ұлттық музыкасын орындап, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Бұл неге маңызды?
Ұлттық домбыра күні – қазақ халқының мәдени мұрасын, дәстүрлі музыкасын және күй өнерін дәріптейтін маңызды мереке. Мұндай шаралар жастардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттырып, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауға және оларды келер ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді.