2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына саяси дайындық қыза түсті.
Фото: ҚХП
Қазақстан Халық партиясы кезектен тыс ХХV съезінде сайлауалды бағдарламасын бекітіп, 72 кандидаттан тұратын партиялық тізімді жариялады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл съезд жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі партияның алғашқы ірі саяси жиыны ретінде ерекше мәнге ие болды.
Елордада өткен съезде елдің барлық өңірінен келген делегаттар бас қосып, алдағы сайлаудың негізгі басымдықтарын айқындады. Форумның басты шешімі – партияның жаңа саяси бағдарламасын қабылдау және Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттарды бекіту болды.
Фото: ҚХП
«Домбырада жалған ойнау мүмкін емес»
Съезде Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов бағдарламалық баяндама жасап, әділ саясаттың мәнін қазақтың ұлттық аспабы – домбырамен салыстырды.
«Халқымыз үшін жаңа кезең басталды. Жаңа Конституция қабылданады. Бұл құжат бүгін де, болашақта да халыққа қызмет етуі тиіс. Оған біздің партияның қосқан үлесі зор. Бүгін Қазақстан Халық партиясы үшін тарихи күн. Біз партияның стратегиялық бағдарламасын бекітеміз. Осы бағытта еңбек ететін мықты кандидаттарды ұсынамыз».
Шоқановтың айтуынша, домбырада жалған ойнау мүмкін емес, өйткені халық шынайылық пен жасандылықтың айырмасын бірден сезеді. Сондықтан саясат та ең алдымен халық сеніміне негізделуі керек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әлеуметтік саясат – басты басымдық
Партия төрағасы Қазақстанның табиғи байлығы ең алдымен ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуі тиіс екенін ерекше атап өтті.
Оның сөзінше, әлеуметтік саясат партия үшін жай ғана бағдарламалық тармақ емес. Бұл нақты істер арқылы дәлелденген ұстаным. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету, аналарды қолдау, ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету және еңбек адамдарының құқықтарын қорғау – осы бағыттағы жұмыстардың нақты мысалы ретінде аталды.
Фото: ҚХП
Сарапшылар бағдарламаны қолдады
Съезд барысында ұсынылған сайлауалды платформа кәсіби қауымдастық өкілдерінің де қолдауына ие болды.
Білім беру саласының маманы Лейлә Күленова бағдарламадағы мектепке дейінгі және мектептегі білім беру мәселелеріне ерекше назар аударылғанын айтып, мұны еліміздің ауылдары мен аудан орталықтарының нақты қажеттілігіне негізделген стратегиялық шешім деп бағалады.
Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Серік Беркамалов еңбек адамы мен адам капиталын қорғау жаңартылған платформаның негізгі өзегіне айналғанын айтты.
Бағдарламаны қолдап Қалел Мақсұтов та пікір білдірді.
Фото: ҚХП
72 кандидат: заңгерден дәрігерге дейін
Партияның Құрылтай сайлауына ұсынған тізіміне 72 кандидат енді.
Олардың қатарында заңгерлер, экономистер, мұғалімдер, дәрігерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары және түрлі саланың тәжірибелі мамандары бар.
Съезд мінберінен қоғам қайраткері Ирина Смирнова мен медиа тұлға Аша Матай да партия командасына қолдау білдірді.
Саяси кеңес толық жаңарды
Форум барысында Қазақстан Халық партиясының Саяси кеңесінің жаңа құрамы сайланды.
Жаңартылған кеңестің алдағы стратегиялық міндеттері туралы Эльмира Әуезова, Ләззат Сүлейменова және Балжан Досмұхамбетова баяндады.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Шоқанов партияның қалыптасуына үлес қосқан мемлекет қайраткері Ермұхамет Ертісбаевқа принципшілдігі, қайсарлығы және өзіндік саяси мектебі үшін алғыс айтты.
Фото: ҚХП
Сайлау науқанының жаңа кезеңі басталды
Съезд соңында Венера Нигматуллина мен Тамара Асар бағдарламалық үндеулерін жариялады.
Жиынды қорытындылаған партия төрағасы алдағы сайлау науқанында әрбір азаматпен тікелей жұмыс істеудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қоғам сеніміне тек нақты іс пен ашық диалог арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Осылайша Қазақстан Халық партиясы Құрылтай сайлауына ресми түрде кірісіп, бағдарламасы мен кандидаттарын бекітті. Ендігі негізгі кезең – сайлаушылармен кездесулер өткізу, партия ұсынған бастамаларды халыққа таныстыру және 23 тамыздағы дауыс беру күніне дейін елдің барлық өңірінде белсенді жұмыс жүргізу.