Көкшетау халықаралық LAN-финалда Орталық Азияның үздік ойыншыларын жинады

594
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

5 шілде күні Көкшетаудағы жаңа көпфункционалды Kokshe Arena спорт кешенінде Орталық Азиядағы ең ірі киберспорт жарыстарының бірі – Akmola International Esports Cup 2026 халықаралық LAN-финалы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бір күннің ішінде аренада кәсіби ойыншылар, жанкүйерлер, стримерлер мен киберспорт қауымдастығының өкілдері бас қосып, қала нағыз цифрлық спорт мерекесінің орталығына айналды.

Турнирді Qazaq Cybersport Federation Ақмола облысының Цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп, Ақмола облысы әкімдігі мен Көкшетау қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Бас демеуші – «Қазақтелеком» АҚ, серіктестері – «Көкшетау сүт зауыты» мен Kokshe Arena.

Орталық Азияның үздіктері Көкшетауда кездесті

Бірнеше аптаға созылған онлайн іріктеу кезеңдерінен кейін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның ең мықты ойыншылары Көкшетаудағы шешуші кезеңге жолдама алды.

Биылғы турнирге жалпы 765 киберспортшы қатысты.

Қатысушылар төрт негізгі дисциплина бойынша сынға түсті:

  • Counter-Strike 2 – 80 команда (400 ойыншы);
  • Mobile Legends: Bang Bang – 27 команда (135 ойыншы);
  • PUBG Mobile – 30 команда (120 ойыншы);
  • Clash Royale – 110 ойыншы.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады.

Бұл жай ғана жарыс емес, үлкен шоу болды

Финалдық күн тек матчтармен ғана шектелген жоқ. Kokshe Arena келген мыңдаған көрермен үшін толыққанды ойын-сауық кеңістігіне айналды.

Қонақтар шешуші кездесулерді тамашалап қана қоймай, интерактивті аймақтарда ойын ойнап, шағын турнирлерге қатысып, түрлі сыйлықтарды ұтып алды. Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған жүлделердің бірі – PlayStation 5 болды.

Кештің атмосферасын танымал орындаушылар Rusty (Ghetto Dogs) пен NAZZARBECK қыздыра түсті. Сонымен бірге қонақтарға тегін балмұздақ таратылып, «Көкшетау сүт зауытының» фирмалық құрты ұсынылды.

Нәтижесінде турнирге 3000-нан астам көрермен келіп, бұл жарыс өңірдегі ең ірі киберспорттық іс-шаралардың біріне айналды.

Чемпиондар кім болды?

Тартысты финалдардың қорытындысы бойынша чемпион атанған командалар мен ойыншылар:

  • Counter-Strike 2 – OMEGA;
  • Mobile Legends: Bang Bang – HOG RIDER;
  • PUBG Mobile – FREE MIGRANTS;
  • Clash Royale – Мирас Құсайынов (MIKO).

Киберспорт енді стратегиялық бағытқа айналып келеді

LAN-финалдың құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, Qazaq Cybersport Federation Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қуанышбек Есекеев пен Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов болды.

Олар мұндай халықаралық турнирлердің Қазақстандағы цифрлық технологиялар мен киберспорт индустриясының дамуына серпін беретінін атап өтті.

Іс-шара қорытындысында Қуанышбек Есекеев алдағы жоспарлар туралы да айтты.

«Турнирдің ұйымдастырылу деңгейі де, қатысушылардың ойын шеберлігі де өте жоғары болды. Бұл Қазақстандағы киберспорттың жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Ал 29 шілдеде Астанада Мемлекет басшысының бастамасымен өтетін екі апталық Phygital Games турнирі технологиялық спорт түрлерін дамытудағы тағы бір маңызды кезең болады», – деді Қуанышбек Есекеев.

Akmola International Esports Cup 2026 тағы бір маңызды дүниені көрсетті: бүгінде киберспорт – жастардың қызығушылығы ғана емес, өңірлердің халықаралық деңгейде танылуына, цифрлық экономиканың дамуына және жаңа технологияларды насихаттауға ықпал ететін үлкен индустрия. Ал Көкшетауда өткен халықаралық финал Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуетінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -