Павлодарда Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінде екі жүзге жуық жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады.
Енді олар бір жыл бойы қаланың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әр сарбаз үшін ерекше күн
Әскери ант – әскери қызметтің ең жауапты кезеңдерінің бірі. Бұл күннен бастап жас жауынгерлер Қазақстан халқына адал қызмет етуге ресми түрде міндеттеме алады.
Павлодардағы салтанатты рәсімге әскери бөлімнің басшылығы мен ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, құқық қорғау органдарының өкілдері және «Сарбаздар аналары» комитеті қатысты.
Еліміздің бірнеше өңірінен келді
5512 әскери бөліміне Абай, Ақмола, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған жас сарбаздар әскери борышын өтеуге келді.
Алдағы бір жыл ішінде олар Павлодар қаласында қоғамдық тәртіпті сақтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жауынгерлік қызмет атқарады.
Командир: «Бұл – өте маңызды сәт»
Әскери бөлім командирі, полковник Арман Пернеқұлов ант қабылдаған сарбаздарды құттықтап, олардың мойнына үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты.
«Құрметті сарбаздар, бүгін сіздер Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демдерің қалғанша адал болуға, егеменді еліміздің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант бердіңіздер! Бұл өте маңызды сәт! Ол үшін осынау байтақ даланы мирас қылып кеткен, ғасырлар бойы ерліктің, табандылық пен батырлықтың үлгісі болған батыр бабаларымыздың жолын жалғастыра білуіміз керек! Жауынгерлік қызметтеріңе адал әрі қырағы болып, бір жылдық әскери борыштарыңды абыроймен орындап, аман-есен үйлеріңе оралуларыңа тілекшімін», – деді полковник Арман Пернеқұлов.
Алғашқы дайындықтан өтті
Ант қабылдағанға дейін жас жауынгерлер алғашқы әскери дайындықтан өтті. Олар әскери жарғыларды меңгеріп, саптық және жауынгерлік дайындық сабақтарына қатысты.
Сарбаздардың айтуынша, олар «Отан қорғаушы» деген мәртебеге лайық болып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындауға дайын.
Енді қоғамдық қауіпсіздікті күзетеді
Ант қабылдағаннан кейін жас сарбаздар жауынгерлік қызметке кезең-кезеңімен кіріседі. Олар Павлодар қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау, маңызды мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың тыныштығын күзету міндеттерін атқаратын болады.