Қазақстанның энергетика саласы 2026 жылдың алғашқы алты айын әртүрлі нәтижемен аяқтады. Бір жағынан, елде электр энергиясы мен көмір өндірісі артты, жаңартылатын энергия көздері қарқынды дамып келеді. Екінші жағынан, мұнай мен газ өндірісі өткен жылдың деңгейінен төмен қалып отыр. Дегенмен Үкімет жыл соңына дейін бұл көрсеткіштерді жақсартуға сенімді.
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 63,4 млрд кВтсағат электр энергиясы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,9%-ды құрайды. Жыл соңына қарай өндіріс көлемін 126,5 млрд кВтсағатқа жеткізу жоспарланып отыр.
Электр тапшылығын азайту үшін биыл республика бойынша шамамен 2,66 ГВт жаңа энергетикалық қуат іске қосылады. Оның ішінде Алматыдағы екінші және үшінші жылу электр орталықтарын жаңғырту, Түркістан облысында бу-газ қондырғысын салу, Атырау ЖЭО-да жаңа турбиналық агрегат пен қазандықты іске қосу, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің жаңа нысандарын пайдалануға беру жоспарланған.
Қазірдің өзінде Қызылорда облысында қуаттылығы 240 МВт болатын бу-газ қондырғысы және жалпы қуаты 212,6 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің жеті жобасы іске қосылған.
Жасыл энергетика да қарқын алып келеді. Алты айда жаңартылатын энергия көздері 5,1 млрд кВтсағат электр энергиясын өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,2%-ға өсті. Жыл соңындағы жоспар — 8,8 млрд кВтсағат.
Мұнай өндірісі төмендеді, бірақ жоспар өзгерген жоқ
Есепті кезеңде Қазақстанда 45,7 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 91,6%-ды құрады.
Министрдің айтуынша, өндірісті арттыру үшін ірі жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қашаған кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары кейінге шегерілген.
«Бұл 2 млн тоннаға дейін мұнай көлемінің орнын толтыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге жалпы шығын көлемі 4,9 млн тоннадан 3,3 млн тоннаға дейін қысқартылды. Осы жылғы мұнай өндіру болжамы – 98 млн тоннаны құрайды. Алты айдағы мұнай өңдеу көлемі 8,98 млн тоннаны құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 97,9% болды. 2026 жылғы болжам – 18,2 млн тоннаны құрайды. Есепті кезеңде 33,4 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95,9%-ды құрайды. Ағымдағы жылға болжам – 64,5 млрд текше метр», — деді Ерлан Ақкенженов.
Газ инфрақұрылымы кеңейтіледі
Министр газ саласындағы негізгі міндеттердің бірі жаңа инфрақұрылымды дамыту екенін айтты.
Жыл соңына дейін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңінің желілік бөлігін аяқтау жоспарланып отыр. Жоба іске асқаннан кейін елдің газ тасымалдау мүмкіндігі артып, өңірлерді тұрақты көгілдір отынмен қамтамасыз етуге жол ашылады.
Алты айда тауарлық газ өндірісі 12,2 млрд текше метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87,1%-ды көрсетті. Жыл соңындағы жоспар — 27,5 млрд текше метр.
Көмір өндірісі өсім көрсетті
Энергетика саласындағы ең жоғары өсімнің бірі көмір өндірісінде байқалды.
Қаңтар-маусым аралығында елде 58,9 млн тонна көмір өндіріліп, өткен жылдың деңгейінен 12,4%-ға жоғары нәтиже тіркелді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 128,8 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Ал көмір экспортының көлемі алғашқы төрт айда 10,1 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,1%-ды құрады. Жылдық жоспар — 33,2 млн тонна.
Энергетика министрлігінің деректеріне қарағанда, биылғы басты міндеттердің бірі — жаңа қуат көздерін іске қосу, электр тапшылығын азайту және жаңартылатын энергия үлесін арттыру. Егер жоспарланған жобалар уақытында аяқталса, Қазақстан энергетикасы жыл соңына қарай өндіріс көлемін ғана емес, жүйенің тұрақтылығын да едәуір күшейте алады.
«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.