Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отыр.
Елде жыл сайын шамамен 25 миллиард текше метр су тұтынылады, ал оның төрттен бірі өнеркәсіп саласының үлесіне тиесілі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осыған байланысты кәсіпорындарға қойылатын талаптар күшейтілуде. Жаңа Су кодексіне сәйкес, өндіріс орындары енді суды қайта пайдалану және айналымдағы сумен жабдықтау жүйесіне кезең-кезеңімен көшуге міндетті.
Қазірдің өзінде еліміздегі өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу энергиясын өндіруші ұйымдар 168 арнайы жоспар әзірлеген.
Не өзгереді?
Өткен жылы қабылданған жаңа Су кодексі өндірістегі су тұтыну тәсілін түбегейлі өзгертуді көздейді.
Кәсіпорындар:
суды қайта пайдалану жүйесін енгізуге;
айналымдағы сумен жабдықтауға көшуге арналған бес жылдық жоспар әзірлеуге;
қолданыстағы сумен жабдықтау жүйелерін ең озық қолжетімді технологиялар арқылы жаңғыртуға міндетті.
Бұл шаралар өндірістегі таза суға деген тәуелділікті азайтып, табиғи су көздеріне түсетін жүктемені төмендетуге бағытталған.
Жоспар болмаса, су көлемі қысқаруы мүмкін
Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі барлық өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу энергиясын өндіруші ұйымдарға түгендеу жұмыстарын жүргізген.
Сонымен қатар қазір жоспарларды орындамаған кәсіпорындарға қатысты жаңа талаптар әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, олар үшін рұқсат етілетін су пайдалану көлемін қысқарту қарастырылмақ.
Яғни алдағы уақытта суды үнемдеу тек ұсыныс емес, нақты талапқа айналады.
Арнайы рұқсат алу үшін міндетті құжат болады
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаевтың айтуынша, жаңа талаптар кезең-кезеңімен енгізіледі.
«Барлық өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу энергиясын өндіруші ұйымдар бұл жоспарларды әзірлеуі тиіс. Келесі жылдан бастап бұл құжаттар арнайы су пайдалануға рұқсат алу үшін міндетті талапқа айналады. Бұл шаралар Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында белгіленген мақсатты көрсеткіштерге сәйкес өнеркәсіп саласында суды қайта пайдалану үлесін 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Серікжан Бекетаев.
Қазақстан неге бұл қадамға барып отыр?
Сарапшылардың пікірінше, климаттың өзгеруі, су тапшылығы қаупінің артуы және өндірістің өсуі жағдайында суды бірнеше рет пайдалану жүйесіне көшу – уақыт талабы.
Әлемнің көптеген елдерінде өндірісте пайдаланылған су тазартылып, қайтадан технологиялық процестерге жіберіледі. Бұл жаңа су алуға деген қажеттілікті айтарлықтай азайтып, экологияға түсетін салмақты төмендетеді.
Қазақстан да осы тәжірибені кеңінен енгізуге кірісті. Егер жоспарланған шаралар толық жүзеге асса, өнеркәсіп саласында қайта пайдаланылатын судың үлесі алдағы жылдары 28 пайызға дейін өседі.
Мұндай өзгерістер су ресурстарын сақтап қана қоймай, өндірістің экологиялық жауапкершілігін де жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.