СҚО волонтерлері игі бастамалар саны бойынша рекорд жаңартты

737
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: peoplecreations/magnific.com

Солтүстік Қазақстан облысында Халықаралық волонтерлер жылы аясында еріктілер қозғалысы жаңа қарқын алды. Биыл өңірде волонтерлердің қатысуімен 1050-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, мыңдаған адамға нақты көмек көрсетілді.

Еріктілер тек қайырымдылықпен шектелмей, су тасқынының салдарын жоюдан бастап экология, донорлық және әлеуметтік қолдау бағыттарына дейін белсенді атсалысып келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясында еріктілер қозғалысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бастама Солтүстік Қазақстан облысында да кең қолдау тауып, нақты нәтижелерімен ерекшеленуде.

Бүгінде өңірде 10 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді. Олар 50-ден астам волонтерлік және қайырымдылық ұйымдардың, 20 бастамашыл топтың құрамында еңбек етеді. Сонымен қатар Петропавл қаласы мен облыстың барлық аудан орталығында ашылған 14 волонтерлік клуб тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

Еріктілердің қызметі тек бір бағытпен шектелмейді. Олар әлеуметтік қолдау, экология, донорлық, цифрлық және медициналық волонтерлік, спорттық және халықаралық жобаларды қоса алғанда 18 түрлі бағытта жұмыс атқарады.

Су тасқыны кезінде мыңдаған ерікті жұмылдырылды

Өңірдегі ең маңызды бастамалардың бірі – «Úmit» жобасы. Оның аясында волонтерлер көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу жұмыстарына белсенді қатысып, құтқарушылар мен тұрғындарға қолдау көрсетті.

Төтенше жағдайлардың салдарын жою жұмыстарына 3450 волонтер тартылды. Оның ішінде 1900-ден астамы Петропавл қаласында еңбек етті. Сонымен қатар еріктілер Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге халық арасында өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

«Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуда

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да қарқынды жалғасуда. Жылдың алғашқы алты айында Солтүстік Қазақстан облысында 270-тен астам экологиялық іс-шара өткізілді.

Волонтерлер аулаларды, қоғамдық орындарды тазарту акцияларына қатысып қана қоймай, жастар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түрлі экологиялық жобаларды жүзеге асыруда.

«Игі істер марафоны» жүздеген адамға көмек көрсетті

Өңірде республикалық «Игі істер марафоны» жобасы да белсенді іске асырылып жатыр.

Жыл басынан бері жоба аясында 45-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, аз қамтылған, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 90-нан астам балаға қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар еріктілер қан тапсыру акцияларына тұрақты қатысып, донорлық қозғалыстың дамуына өз үлестерін қосуда.

Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты қолдау

Волонтерлер қызметінің маңызды бағыттарының бірі – жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға көмек көрсету.

«Birgemiz: Qamqor» жобасы аясында еріктілер азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізеді, үй мен аула аумағын тазалауға, тұрғын үйді жөндеуге, отын дайындауға, коммуналдық төлемдерді төлеуге және тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектеседі.

Жыл басынан бері 400-ден астам волонтердің қатысуымен 300-ден астам әлеуметтік қызмет алушыға нақты көмек көрсетілген.

«Күміс волонтерлер» тәжірибесі кеңейіп келеді

Солтүстік Қазақстанда аға буынның қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін «күміс волонтерлік» бағыты да табысты дамып келеді.

Соның жарқын мысалы – «Нити добра» жобасы. Оның қатысушылары шала туған сәбилерге жылы киім тоқып, жалғызбасты қарияларға қолдау көрсетеді. Сонымен бірге жастарға арналған шеберлік сабақтарын өткізіп, экологиялық бастамаларды жүзеге асырады.

Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін экопикниктер ұйымдастырылып, экосөмкелерді безендіруге арналған шығармашылық шеберлік сабақтары өткізіліп келеді.

Волонтерлік мәдениет жаңа деңгейге көтерілуде

Өңірде еріктілер қозғалысын кеңінен насихаттау жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Соның бірі – жыл сайын ұйымдастырылатын «Мистер және Мисс Волонтер» байқауы.

Бұл жоба белсенді жастардың басын қосып қана қоймай, волонтерлік қозғалыстың дамуына жаңа серпін беріп, қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін нығайтуға ықпал етіп келеді.

Сандар сөйлесе, Солтүстік Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс бүгінде жай ғана қоғамдық бастама емес, мыңдаған адамның өміріне әсер ететін ауқымды күшке айналғанын аңғаруға болады. Су тасқыны кезінде көмекке келген еріктілерден бастап, жалғызбасты қариялардың тұрмысын жеңілдетіп жүрген жастарға дейін – олардың әрбір игі ісі қоғамдағы өзара қолдаудың нақты көрінісіне айналып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -