Депозитте 30 трлн теңге бар: ҚДКБҚ резерві жете ме?

1309
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

Қазақстандықтар банктерде рекордтық 30 трлн теңге жинады. 2026 жылдың алғашқы жартысында халық депозиттері 7%-ға, ал ҚДКБҚ-ның арнайы резерві 1,73 трлн теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстандықтар теңгені таңдап жатыр

Депозит нарығындағы негізгі өзгеріс валюта құрылымынан көрінді. Ұлттық валютадағы жинақ ақша 9,5%-ға өссе, шетел валютасындағы қаражат 3,4%-ға азайды.

Ең жоғары өсімді толықтырылатын мерзімді салымдар көрсетті — олардың көлемі 167%-ға артты. Толықтырылатын жинақ салымдар 159%-ға көбейді.

Тұрғын үй және білім беру депозиттері 12%-ға, толықтырылмайтын мерзімді салымдар 6%-ға өсті. Ал толықтырылмайтын жинақ салымдар мен мерзімсіз салымдар азайды.

Бұл өзгеріс қазақстандықтардың теңгеге қайта бет бұрып жатқанын көрсетеді. Салымшылар ақшаны кез келген уақытта алуға болатын шоттардан табысы жоғары мерзімді өнімдерге ауыстыра бастаған.

1,73 трлн теңге жеткілікті ме?

Депозиттер көбейген сайын банк жабылған жағдайда салымшыларды қорғайтын резерв те өсуге тиіс. Бірінші жартыжылдықта Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры арнайы резервін 10%-ға — 1,73 трлн теңгеге дейін ұлғайтты.

Резерв кепілдік берілген депозиттер көлемінің 5,8%-ына жетті. Заңда белгіленген ең төменгі деңгей — 5%.

ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев қордағы қаражаттың салымшылар алдындағы міндеттемелерді орындауға жеткілікті екенін айтты.

«– Арнайы резервтің қазіргі көлемі заң талаптарына және халықаралық стандарттарға толық сай келеді. Заң бойынша резерв кепілдік берілген депозиттер көлемінің кемінде 5%-ын құрауы тиіс.»

 

«Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5,8%-ға жетті.»

 

«Айта кетейін, елімізде депозиттерге кепілдік беру жүйесі құрылғаннан бері 11 банк қызметін тоқтатты. Мысалы, Tengri Bank салымшылары алдындағы қордың міндеттемелері 17,8 миллиард теңге болды, ал ол кездегі резерв – 604 миллиард теңге.»

 

«Capital Bank Kazakhstan жағдайында міндеттемелер 1,7 миллиард теңге, резерв 650 миллиард теңге еді.»

 

«Заң деңгейінде қаржыландырудың кемінде тағы үш қосымша көзі қарастырылған. Алайда іс жүзінде жүйе төлемдерді өз бетінше қамтамасыз етіп келді.»

 

«Олардың ешқайсысы мемлекеттік бюджеттің қатысуын көздемейді.»

Қор барлық депозиттің сомасына тең резерв ұстамайды. Оның көлемі кепілдік берілген қаражат пен жекелеген банктер жабылған кездегі ықтимал төлемдерге қарай есептеледі.

Фотосуреттің авторы: Максим Золотухин/DKNews.kz

Резервті кім қаржыландырады?

ҚДКБҚ резервіне мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінбейді. Қаржылық жүктемені банк секторы көтереді.

Резервтің 37%-ы қатысушы банктердің күнтізбелік жарналарынан құралған. Инвестициялық кірістің үлесі — 62%.

Активтердің 56%-ы Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған. АҚШ Қазынашылығының облигацияларына 11% тиесілі.

Қалған қаражат ақша нарығының құралдарына, квазимемлекеттік сектор мен халықаралық даму институттарының облигацияларына бөлінген.

«– Депозиттерді қорғау заң деңгейінде бекітілген, бірақ қордың қаржылық моделі толық дербес. ҚДКБҚ-ның арнайы резерві нысаналы сипатта.»

 

«Ол банк секторының қаражаты есебінен қаржыландырылады. Осылайша резерв мемлекеттік бюджетке немесе ағымдағы макроэкономикалық реформаларға тәуелді емес.»

 

«Резерв тәуелсіз көздерден құралады. Оның 37%-ы – қатысушы банктердің тұрақты күнтізбелік жарналары, 62%-ы – инвестициялық кіріс есебінен.»

 

«Қалған үлесі заңда көзделген өзге көздерге тиесілі. Бұл активтер жоғары өтімді құралдарға орналастырылған.»

 

«Оның 56%-ы – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына, 11%-ы – АҚШ Қазынашылығының облигацияларына салынған. Қалған бөлігі ақша нарығының құралдары, квазимемлекеттік сектордың және халықаралық даму институттарының облигациялары арасында бөлінген.»

 

«Осылайша, салымшылар алдындағы міндеттемелер нақты әрі жинақталған резервтермен қамтамасыз етілген. Сақтандыру жағдайы туындағанда олар төлемдерге дереу жұмсалады.»

Салымшы қанша өтем алады?

Кепілдік көлемі адамның жалпы жинағына емес, депозит түрі мен ақша сақталған банкке байланысты.

Фотосуреттің авторы: Максим Золотухин/DKNews.kz

Ұлттық валютадағы жинақ салымдар бойынша ең жоғары өтем — 20 млн теңге. Теңгедегі басқа депозиттерге, ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларына 10 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі.

Шетел валютасындағы шоттар бойынша шек — 5 млн теңге баламасы. Бір банкте бірнеше депозит ашылғанымен, жиынтық өтем 20 млн теңгеден аспайды.

«– Кез келген салымшы үшін қорғалудың басты өлшемі – оның жинақ ақшасының белгіленген шектерге сәйкес келуі. Еске салайын, бір банктегі бір салымшыға төленетін ең жоғары өтем сомасы ұлттық валютадағы жинақ салымдар бойынша 20 миллион теңге.»

 

«Теңгедегі басқа депозиттер бойынша, оның ішінде ағымдағы шоттар мен төлем карточкалары бойынша, төлемнің шекті сомасы 10 миллион теңге. Шетел валютасындағы шоттар бойынша ең жоғары кепілдік 5 миллион теңге (баламасында) болып белгіленген.»

 

«Бір банкте бірнеше түрлі салым болса, ҚДКБҚ төлейтін жиынтық өтем 20 миллион теңгеден аспайды. Осы шектерді ескергенде, ҚДКБҚ бүгінде қазақстандықтардың барлық депозиттік шоттарының, оның ішінде карточкалардың 99,8%-ын толық сомада қорғайды.»

Сондықтан салымшы үшін шот саны емес, бір банкте сақталған ақшаның жалпы көлемі шешуші рөл атқарады. Белгіленген шектен асқан қаражатқа ҚДКБҚ кепілдігі толық жүрмейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -