Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті.
Жиында архив саласын цифрландыру, тарихи мұраны сақтау және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Президент Әкімшілігінің өкілдері, мемлекеттік органдар, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Тәжікстанның архив мекемелерінің басшылары мен сарапшылары қатысты.
Президент архив қызметкерлерін құттықтады
Конференцияның ашылуында Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Президент құттықтауында архив қызметкерлері мен сала ардагерлерінің тарихи мұраны сақтаудағы еңбегіне жоғары баға берді.
«Архив қорында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңдерін айшықтайтын құнды мәліметтер бар. Мекеме мамандары шетелдік архивтерден табылған тарихи жәдігерлерді зерделеп, құнды құжаттарды елге жеткізу жолында елеулі еңбек сіңірді. Соның арқасында архив қоры он төрт ғасырды қамтитын бірегей деректермен толықты. Ұлт шежіресін тереңірек тануға мүмкіндік беретін мұндай игі жұмыстың мәні айрықша екені анық. Бүгінгі басқосуда архив саласын заман талабына сай дамыту жөнінде салиқалы пікірлер мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін».
Ұлттық архивке жаңа мәртебе беріледі
Аида Балаева елдің тарихи жады мен архив ісінің маңызына тоқталып, маңызды жаңалықпен бөлісті.

«Біз қазір ел дамуының жаңа дәуіріне аяқ бастық. Жаңа Конституцияда адам капиталы, білім, ғылым және инновация ел дамуының стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалды. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл – өткенді сақтау ғана емес, болашақты бағамдау. Өйткені халықтың тарихи жады – мемлекеттің рухани негізі. Ал сол мұраны сақтайтын басты институттардың бірі – архив. Мемлекет басшысы жаңа атап өткендей, Ұлттық архив төл тарихымызды жаңғыртып, өскелең ұрпаққа жеткізуде зор үлес қосып келеді. Тағы бір жақсы жаңалықтың бірі биыл Қазақстан Республикасы ұлттық архивіне «Ұлттық» мәртебе беріледі».
Архив саласының үздіктері марапатталды
Мерейтойға орай архив ісінің дамуына үлес қосқан мамандар мен ардагерлер Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында:
- «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Мушкенова
- «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Майра Есмұханова, Маржан Нұртазина және Әсия Керімтаева
- Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталған Тұрсынгүл Кусаинова мен Гаухар Хайруллина
- Президенттің Алғысын алған Сағила Нұрланова, Шолпан Жанатаева және Айгүл Шагиева
- «Еңбек ардагері» медалінің иегерлері Койше Бекбаев пен Жәлел Болташев
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің тұңғыш директоры Рысты Сариеваның еңбегіне арналған арнайы бұрыш ашылды.

Архив саласы цифрлық кезеңге көшіп жатыр
Бүгінде Қазақстандағы 237 мемлекеттік архивте Ұлттық архив қорының 30 миллионға жуық құжаты сақтаулы.

Салада:
- 3,5 мыңнан астам маман еңбек етеді
- цифрландырылған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін өсті
- «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі енгізілді
- мыңнан астам архив қызметкері арнайы сертификат алды
Жаңа цифрлық жүйе құжаттарды қабылдау, сақтау және азаматтардың сұрауларына жедел жауап беруге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект пен халықаралық ынтымақтастық талқыланды
Конференция барысында қатысушылар:
- Ұлттық архив қорларын толықтыру
- архив құжаттарын ғылыми жариялау
- халықаралық ынтымақтастықты кеңейту
- цифрлық трансформация
- жасанды интеллект технологияларын енгізу
мәселелерін талқылады.
Жиын қорытындысында архив саласын одан әрі дамытуға арналған қарар қабылданып, нақты ұсынымдар әзірленді.

Неліктен бұл маңызды?
Архивтер – елдің тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтайтын негізгі институттардың бірі. Саланы цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу тарихи құжаттардың қолжетімділігін арттырып, оларды ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Ал Ұлттық архивке жаңа мәртебе берілуі оның ғылыми және мәдени маңызын одан әрі күшейтеді.