Турнирдің жүлде қоры 4,65 млн долларды құрады. Астанада 29 шілдеде басталған «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық жарысы 9 тамызда аяқталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
GOTF 2026 powered by Samruk-Kazyna дәстүрлі спортты, киберспортты және цифрлық технологияларды бір форматта біріктірді. Жарыстар сегіз фиджитал-пән бойынша өтті.
Футбол финалын пенальти сериясы шешті
Phygital Football presented by Samruk-Kazyna финалында NS Team мен Quetzales-Armadillos кездесті.
Цифрлық кезең 1:0 есебімен Quetzales-Armadillos пайдасына аяқталды. Нақты алаңдағы бөлімде NS Team 3:2 есебімен басым түсті.
Негізгі кезеңнің жалпы есебі 3:3 болды. Чемпион пенальти сериясында анықталып, NS Team 4:3 есебімен жеңіске жетті.
NS Team ойыншысы Эльбио Чаморро Пикко команданың соңғы секундқа дейін күрескенін айтты.
«Біз бір-бірімізге: қол қусырмаймыз, қысымды жалғастырамыз, өйткені соңғы секундқа дейін кез келген нәрсе болуы мүмкін дедік. Және бұл орындалды. Турнирдің цифрлық бөлігі мені нақты алаңдағы ойынға қарағанда үнемі көбірек алаңдатады. Біз Quetzales мықты екенін білдік, олардың өткен жылы чемпион болуы тегін емес, бірақ біз тыңғылықты дайындалып, сақадай сай болдық».
Үшінші орынды FC Olympic Phygital иеленді.
«Бұл команда үшін әрбір адам маңызды. Біздің киберспортшылар мен футболшылар бір бүтін, біз нағыз отбасы болдық. Турнир форматы айтарлықтай ерекше әрі күрделі, әсіресе цифрлық бөлігі. Бірақ командалық рух пен жүз пайыздық зейіннің арқасында біз бейімделіп, үшінші орынды иелендік. Біз бұл нәтижені мақтан тұтамыз және алдымызға одан да ауқымды мақсаттар қоюды жоспарлап отырмыз», – деді FC Olympic Phygital ойыншысы Сунатжон Анваров.
MLBB финалында Bigetron by Vitality жеңді
MOBA Mobile MLBB presented by Freedom турнирінің гранд-финалында ONIC пен Bigetron by Vitality кездесті.
Bigetron by Vitality серияны 3:1 есебімен аяқтап, чемпион атанды.
Команда алғашқы екі картаны 18:09 және 15:40 минутта жеңді. ONIC үшінші картада 14:13 есебімен жауап қайтарды, алайда төртінші картада Bigetron by Vitality 18:25 нәтижесімен серияны жапты.
Үшінші орын үшін матчта Aurora Gaming Selangor Red Giants командасын 2:0 есебімен жеңді.
Bigetron by Vitality өкілі бұл халықаралық деңгейдегі алғашқы жүлдесі екенін айтты.
«Мен өзімді өте бақытты сезінемін, бұл мен үшін алғашқы халықаралық олжа. Шынымды айтсам, мен мұндай нәтижені күтпедім, бірақ өз командам мен бапкеріме сендім - біз мұны еңсеретінімізді білдік. Бұл жеңіс біздің қажырлы еңбегіміз бен ойынға деген құмарлығымыз үшін өзіндік бонус болды. Турнир барысында бізді қолдаған барлық адамға, әсіресе Bigetron by Vitality жанкүйерлеріне алғыс айтқым келеді - мен сіздерді қатты жақсы көремін».
«Болашақ ойындары 2026» чемпиондары кімдер
Турнир қорытындысында сегіз негізгі пән бойынша жеңімпаздар анықталды.
- Phygital Basketball — Wilders, $100 000
- MOBA PC Dota 2 — PlayTime, $350 000
- Phygital Dancing — Franco Vitali, $20 000
- Phygital Shooter CS 2 — Team KZ, $50 000
- Phygital Fighting — Archangel Michael, $100 000
- Phygital Football — NS Team, $150 000
- MOBA Mobile MLBB — Bigetron by Vitality, $315 000
- Battle Royale PUBG: BATTLEGROUNDS — 17 Gaming, $300 000
Екінші және үшінші орын иегерлеріне де ірі ақшалай жүлделер табысталды.
Қазақстандық Team KZ CS2-де жеңімпаз атанды
Phygital Shooter CS 2 presented by Yandex GO жарысында қазақстандық Team KZ бірінші орын алды.
Команда $50 мың жүлдеге ие болды.
Екінші орынды Liga Pro Team, үшінші орынды Minsk House командасы иеленді.
Бұл нәтиже Қазақстанның өз алаңындағы турнирде фиджитал және киберспорт бағытында да бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
Турнирге 528 ойын техникасы жұмылдырылды
GOTF 2026 ұйымдастыру үшін төрт спорттық нысан пайдаланылды.
Жобаға:
- 528 ойын техникасы;
- 500-ден астам ойын орны;
- сегіз фиджитал-пән;
- 800 волонтер тартылды.
Турнирдің инфрақұрылымын қамтамасыз етуге инженерлер, IT-мамандар, трансляция режиссерлері, логистика және қауіпсіздік қызметтері де қатысты.
Фиджитал формат әр пәнде виртуалды жарыс пен нақты физикалық бәсекені біріктірді.
Турнир Қазақстанға қандай тәжірибе берді
«Болашақ ойындары 2026» тек спорттық жарыс емес, жоғары технологиялы халықаралық жоба ретінде ұйымдастырылды.
Оны өткізу кезінде Қазақстанда киберспорт, IT-инфрақұрылым, телехабар тарату, инженерия, логистика және ірі спорттық шараларды басқару салаларында жаңа тәжірибе жинақталды.
Мұндай жобаларға қажетті техникалық шешімдер, мамандар командасы және ұйымдастырушылық модель ел ішінде қалады.
Бұл кейінгі халықаралық турнирлерді өткізу кезінде қайта қолданылатын адами және технологиялық капиталға айналуы мүмкін.
Астана үшін туристік әсері қандай
Турнирге түрлі елдерден спортшылар, командалар, мамандар мен жанкүйерлер келді.
Бұл Астананы заманауи спорт пен технологиялық іс-шаралар өтетін халықаралық орталық ретінде танытуға мүмкіндік берді.
Фиджитал-спорт дәстүрлі жарысқа қарағанда IT, ойын индустриясы, трансляция, цифрлық контент және туризмді бір уақытта қамтиды.
Сондықтан мұндай турнирлердің экономикалық әсері спорт нысандарымен ғана шектелмейді.
Неліктен бұл маңызды
Қазақстан үшін GOTF 2026-ның басты нәтижесі тек жеңімпаздар мен 4,65 млн долларлық жүлде қоры емес.
Ел әлемдік деңгейдегі технологиялық спорт жобасын толық циклде ұйымдастыру тәжірибесін алды. Мұндай құзырет Қазақстанға болашақта фиджитал-спорт, киберспорт және цифрлық ойын-сауық саласындағы жаңа халықаралық жобаларды тартуға мүмкіндік береді.
Турнир сондай-ақ Қазақстанның тек іс-шара өткізетін алаң емес, жаңа форматтағы халықаралық спорттық жобаларды ұйымдастыратын серіктес ретінде қалыптасуына жол ашады.
Турнирді кімдер қолдады
Жарыстың титулдық демеушісі — «Samruk-Kazyna» ұлттық әл-ауқат қоры.
Бас демеушілер қатарында Halyk қайырымдылық қоры, Yandex Go, Freedom Holding Corp., Solidcore Resources, Alatau City Bank, CenterCredit банкі және «Казцинк» болды.
Ресми серіктестер ретінде Beeline, BI Group, Транстелеком, Lancaster Group, «Қазақмыс», «Қазақтелеком», Air Astana және MUN Global қатысты.
Турнирді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазспортинвест» АҚ ұйымдастырды.